Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ҚР Ішкі істер органының ардагері Мұхтар Ермековтің төрағалығымен консультативті кеңесші органның отырысы өтті. Оған полиция полковнигі Б.Сапар, ІІО-ның ардагері Оспанғазы Жанқожаев, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сейдулла Садықов, мәслихат депутаты Б.Сүлейменов, «Түркістан» газеті редакциясының бас директоры М. Дәулетов және жеке құрам қатысты.
Күн тәртібінде полиция қызметкерлерінің құмар ойындарға тәуекелділіктері (лудомания) тұрғысындағы мәселелер қаралды. Бұл бойынша баяндамашы департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен Жеке құрам инспекциясы қызметкерлерімен ұдайы алдын алу шаралары өткізіліп, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ жасөспірімдер арасында орын алып жатқан қылмыстар мен оның алдын алу мақсатындағы іс-шаралар туралы айтылды.
Балалардың жазғы тынығуын ұйымдастыру, балалардың өмірге деген құлшынысын арттыру, зорлық-зомбылықсыз балалық шақты қамтамасыз ету, жазғы маусымдағы оқушылардың құқық бұзушылықтарының, яғни, буллинг, кибербуллинг, лудомания, есірткі, әлеуметтік желі зияндылығының алдын алу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, балалар қауіпсіздігіне, яғни, су, өрт, жол апаттарының алдын алуға баса назар аудару мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, балалардың жолда жүру қауіпсіздігі мәселесі де өзекті. Соған орай бүгінде оқу орындарында мұғалімдермен бірлесе жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша дәрістер жүргізді.
Осы орайда қазіргі жастар мен балалардың қызығушылығын туындатып тұрған мотоцикл, скутер, мопед, самокаттардың қаншалықты қауіпті екеніне назарда ұстаған абзал. Сондықтан да аталған құралдарды пайдалануға ата-ана тарапынан шектеу қойылуы тиіс…