Кез келген халықтың ішкі тұрақтылығы, ұлттық болмысы мен мәдениеті оның үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты асыл құндылықтарымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда мемлекетіміздің әлеуметтік және ішкі саясатында қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасылық-демографиялық саясатты дамыту және өскелең ұрпақты ұлттық дәстүр рухында тәрбиелеу басты басымдықтардың бірі болып табылады. Саналы да тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда көнекөз қариялар мен зиялы қауым өкілдерінің, ардагерлердің атқаратын рөлі орасан зор. Себебі отбасы беріктігі мен ағайын ынтымағы – әулет үлкендерінің ақыл-кеңесінен бастау алады.
Осы орайда, Түркістан облысына қарасты Сауран ауданында өңірдің дамуына өнегелі үлес қосып жүрген қарияларды ұлықтау мақсатында маңызды шара өтті. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың қатысуымен зиялы қауым өкілдерімен және ардагерлермен салмақты басқосу ұйымдастырылды. Басқармалар үйінің мәжіліс залында өткен бұл тағылымды кездесуге ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен белсенді мүшелері толықтай қатысты.
Аталған жиынды Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердалы Баймұратов жүргізіп отырды. Басқосудың басты мақсаты – өңірдегі қоғамдық келісімді нығайту, ардагерлер ұйымдарының ағымдағы жылда атқарып отырған жұмыстарын саралау және жасөспірімдер мен жастар тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді бірлесе талқылау болды.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің қоғамдық тұрақтылықты сақтау, отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу, кейінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие беру бағытындағы жүйелі жұмыстары кеңінен баяндалды. Ардагерлердің ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған іс-шараларға тек бақылаушы емес, тікелей ұйытқы болып келе жатқаны айтылды. Әсіресе, мектептер мен колледждерде, мәдениет ошақтарында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, қыз балалар тәрбиесі және жас отбасылардың ажырасу көрсеткішін азайту бағытында ардагерлердің атқарып жатқан үгіт-насихат жұмыстары ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөз алып, мемлекеттік отбасылық және демографиялық саясат аясында үлкендердің рөліне жоғары баға берді. Ол өз сөзінде ардагерлердің тәжірибесі мен өмірлік мектебі жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруде теңдессіз құрал екенін алға тартты.
«Мемлекеттің беріктігі – әрбір шаңырақтың тұрақтылығынан басталады. Ал отбасындағы береке мен бірліктің алтын діңгегі – біздің қарияларымыз бен аналарымыз. Бүгінгі таңда жаһандану заманында жастардың санасын жат ағымдардан қорғауда, олардың бойына отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерді сіңіруде сіздердің айтар сөздеріңіз бен көрсетер өнегелеріңіздің мәні ерекше. Ел дамуына, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін», – деді аудан басшысы Мақсат Таңғатаров.
Жиынның ең салтанатты сәтінде қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, ұзақ жылдар бойы еліміздің өркендеуіне адал қызмет еткен бірқатар ардагерлерге «Құрметті ардагер» төсбелгісі салтанатты түрде табыс етілді. Бұл жоғары марапат – қариялардың елге сіңірген еңбегі мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы қызметіне мемлекет пен қоғам тарапынан көрсетілген шынайы құрмет пен тағзымның белгісі ретінде берілді.
Ақпараттық-түсіндіру мақсатындағы бұл кездесудің соңында қатысушы ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері өз ой-пікірлерін еркін ортаға салып, аудандағы отбасы институтын нығайту, мектеп пен отбасы байланысын күшейту және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.
Маңызды басқосу аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған ұлттық нақыштағы концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Қариялардың жүзіне күлкі, көңіліне шаттық ұялатқан бұл шара Сауран ауданындағы қоғамдық бірлікті нығайтуға, ардагерлердің әлеуметтік белсенділігін арттыруға және жастарға тағылымды рухани тәрбие беруге бағытталған мемлекеттік саясаттың өңірдегі жемісті көрінісі болды. Ана мен бала амандығы, отбасы берекесі қариялардың батасымен көркейе бермек.
