Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты мақсаты — қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен баланы қорғау, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға лайықты өмір сүру жағдайын жасау болып табылады. Түркістан облысы — еліміздегі демографиялық өсімі ең жоғары, бала туу көрсеткіші бойынша көшбасшы өңір. Сондықтан бұл аймақта әрбір отбасының әл-ауқатын арттыру, олардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мемлекеттің де, қоғамның да басты назарында. Отбасы институтын қолдау тек ресми бағдарламалармен ғына емес, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың арқасында да жүзеге асып келеді.
Осы орайда, Түркістан облысына қарасты Сауран ауданы, Құмтүйін елді мекенінде қазақтың ежелгі «асар» дәстүрін жаңғыртқан, қайырымдылық пен бірлікті насихаттаған тағылымды іс-шара өтті. Сауран ауданының 1989 жылы туған белсенді азаматтарының бастамасымен әлеуметтік қолдауға мұқтаж бір отбасына су жаңа тұрғын үй салынып, салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл қадам өңірдегі балалардың бақытты балалық шағы мен аналардың әлеуметтік қорғалуына жасалған үлкен сый болды.
Жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсіміне Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, ізгі іске ұйытқы болған жомарт жүректі азаматтарға, аудан жастарына өзінің және өңір жұртшылығының атынан шексіз ризашылығын білдірді.
Аудан басшысы өз сөзінде мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясатты қолдауда мұндай игі істердің маңызы зор екенін, баспаналы болу — сол шаңырақтағы ана мен баланың тұрақтылығы мен жарқын болашағына салынған инвестиция екенін атап өтті.
«Халқымыз қашанда ынтымақ пен жанашырлықты, бір-біріне демеу болуды жоғары бағалаған. Бүгінгі игі бастама — ел бірлігінің, ұлттық құндылықтарға деген адалдықтың және жоғары азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Кез келген мемлекеттің іргетасы берік отбасынан басталады. Ал отбасының берекесі — өз үйінің болуында. Осындай сауапты іске атсалысып, бір шаңырақтың бақытқа кенелуіне себепші болған азаматтарға, ауданымыздың мақтаныштарына алғысымды білдіремін», — деді аудан басшысы Мақсат Таңғатаров.
Шара барысында тұрғын үй құрылысына басы-қасында жүріп белсенді қатысқан, материалдық және физикалық тұрғыдан көмек көрсеткен бірқатар азаматтарға аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттары табыс етілді. Салтанатты жиынға жиналған ауыл ақсақалдары мен аналар қауымы жаңа қоныс иелеріне ақ баталарын беріп, шаңырақтың ырысы ортаймауын тіледі.
Айта кетейік, Сауран ауданында бұл асыл азаматтардың қайырымдылық бастамасы бір реттік шара емес, бірнеше жылдан бері берік дәстүрге айналып, жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін аудан көлемінде бірқатар көпбалалы, жалғызбасты және аз қамтылған отбасылар дәл осындай халықтық асар әдісімен баспаналы болған. Бұл игі жоба бүгінде ел тұрғындары мен облыс басшылығының тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр.
Отбасылық және гендерлік саясат аясында әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру мен ана мен баланы қорғау мәселесі тікелей тұрғылықты жердің жайлылығына байланысты. Баспанасыз жүрген отбасыларда бала тәрбиесі мен ана денсаулығына қатысты қиындықтар жиі кездесетіні жасырын емес. Осындай сәтте мемлекеттік бағдарламаларға қосымша ретінде қоғам белсенділерінің көмекке келуі — Түркістан облысындағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайта түседі.
Құмтүйін ауылында бой көтерген жаңа үй заманауи талаптарға сай, балалардың оқып-білім алуына, ананың үй шаруасымен айналысуына толықтай ыңғайлы етіп жабдықталған. Көптен күткен баспаналарына қол жеткізген отбасы мүшелері өз қуаныштарын жасыра алмай, қиын сәтте қол ұшын созған замандастарына алғыстарын жаудырды.
Қорыта айтқанда, Құмтүйін елді мекенінде орын алған бұл ізгі шара — Түркістан облысындағы отбасылық құндылықтарды ұлықтау, ана мен баланы қорғау және мемлекеттік әлеуметтік саясатты ақпараттық-түсіндіру бағытындағы ең әсерлі әрі нақты мысалдардың бірі. Жанашырлық бар жерде — бақытты отбасы, ал бақытты отбасы бар жерде — мәңгілік қуатты мемлекет бар.
