Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл штабының бірлескен отырысы өтті.
Жиынға құқық қорғау және арнайы органдардың, прокуратураның өкілдері, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Онлайн форматта ҚР ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов пен ведомство өкілдері қосылды.
Күн тәртібінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, интернет-алаяқтықтың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, сондай-ақ білім беру ұйымдарында есірткінің таралуына жол бермеу мәселелері қаралды.
Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев қаладағы криминогендік ахуал тұрақты екенін атап өтіп, интернет-алаяқтық, ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтар және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселелері ерекше бақылауда екенін айтты.
Өз кезегінде Арман Саданов профилактикалық жұмысты жетілдіру бағытындағы ұсыныстарын айтып, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге профилактикалық жұмысты күшейту, қоғамдық орындардағы бейнебақылау жүйесін дамыту және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.
