Алматы қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміне көктемгі шақырылым аясындағы алғашқы жас толықтыру келіп жетті. Бұл жолы әскери бөлімге Жетісу облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы шақырылған 30-ға жуық және Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен келген 20-дан астам бозбала мерзімдік әскери қызметін өтеуге аттанды.
Әскери бөлімге келген жас сарбаздарды командирлер қарсы алып, алдағы қызметтің ерекшеліктері мен әскери тәртіп талаптарын түсіндірді. Алғашқы күні-ақ бозбалалар моншаға түсіп, әскери киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Бұдан кейін жас толықтыру сапқа тұрғызылып, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты.
Алдағы бір ай бойы сарбаздар Алатау қаласының Жетіген ықшам ауданында орналасқан оқу пунктінде жас жауынгер курсынан өтеді. Бұл кезеңде олар саптық даярлық, атыс дайындығы, дене шынықтыру және әскери жарғылар бойынша алғашқы әскери машықтарды меңгереді. Сонымен қатар жас сарбаздар әскери ортаға бейімделіп, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсінеді.
Оқу пунктінің басшысы подполковник Ұлықбек Қараевтың айтуынша, жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеу – басты міндеттердің бірі.
-Жас толықтырумен жүйелі түрде жұмыс жүргізіледі. Алғашқы күннен бастап сарбаздарға әскери қызметтің тәртібі мен талаптары түсіндіріледі. Оқу барысында олар жауынгерге қажетті негізгі машықтарды меңгеріп, тәртіпке, жауапкершілікке және ұжымда жұмыс істеуге үйренеді. Біз әрбір сарбаздың әскери ортаға тез бейімделуіне ерекше көңіл бөлеміз, — деді подполковник Ұлықбек Қараев.
Айта кетейік, жас жауынгер курсы аяқталғаннан кейін сарбаздар салтанатты түрде әскери ант қабылдап, әскери бөлімнің бөліністерінде қызметтерін жалғастырады. Көктемгі шақырылым аясында 5571 әскери бөліміне алдағы уақытта тағы да жас толықтырулар келуі жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
