• Вт. Июл 14th, 2026
Популярные метки

«ТҮРКІСТАН BALA FEST» БАЛАЛАР ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Автор:admin

Июн 2, 2026

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан қаласындағы Жасанды көл саябағында «Түркістан BALA FEST» балалар өнер фестивалі өтті. Мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау, олардың өнерін кеңінен насихаттау және қоғамға бейімделуіне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шара көтеріңкі көңіл күйге толы болды.
Фестивальге қаладағы білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар, олардың ата-аналары, педагогтер, мәдениет саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Мерекелік іс-шара барысында балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін жан-жақты танытып, сахнада ән айтып, би билеп, қолөнер туындылары мен сурет көрмелерін көпшілік назарына ұсынды. Әрбір өнерпаздың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, балалардың шексіз таланты мен шығармашылық мүмкіндіктерін айқын көрсетті.
Фестиваль аясында балалар үшін түрлі ойын-сауық бағдарламалары, аниматорлардың қойылымдары, танымдық және шығармашылық шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Сонымен қатар сурет салу, сәндік-қолданбалы өнер, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау бағытындағы көрмелер қойылып, қатысушылар өз жұмыстарын көпшілікке таныстырды. Балалар өзара тәжірибе алмасып, жаңа достар тауып, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мазмұнды мерекелік бағдарламаның белсенді қатысушысына айналды.
Мерекелік жиында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев құттықтау сөз сөйлеп, балаларға жарқын болашақ, зор денсаулық пен толағай табыс тіледі. Олар ерекше қажеттілігі бар балалардың өнері мен жетістіктерін жоғары бағалап, мұндай бастамалардың қоғамдағы инклюзивті мәдениетті дамытудағы, ерекше балалардың шығармашылық әлеуетін ашудағы және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасаудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.
Шара барысында ата-аналар да ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған осындай мәдени жобалардың олардың өзіне деген сенімін нығайтып, қоғаммен еркін араласуына оң ықпал ететінін жеткізді. Фестиваль ерекше балалардың өнерін қолдап қана қоймай, қоғамдағы мейірімділік, жанашырлық пен өзара қолдау құндылықтарын кеңінен дәріптеуге мүмкіндік берді.
Фестиваль қорытындысында өнер көрсеткен барлық қатысушылар Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің атынан арнайы марапатталып, дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар белсенділік танытқан балалардың жетекшілері мен ата-аналарына да ризашылық білдіріліп, олардың ерекше балалардың жан-жақты дамуына қосқан еңбегі жоғары бағаланды.
«Түркістан BALA FEST» фестивалі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамдағы мейірім, қамқорлық, өзара құрмет және тең мүмкіндіктер қағидаттарын насихаттаған тағылымды мәдени шара ретінде ерекшеленді. Осындай игі бастамалар ерекше балалардың бойындағы дарынды шыңдап, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашып, инклюзивті қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса береді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *