• Вт. Июл 14th, 2026
Популярные метки

БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ «БАЛАУСА» ЛАГЕРІНДЕ ЕРЕКШЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Автор:admin

Июн 2, 2026

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан қаласындағы «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінде балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Шаттық пен көтеріңкі көңіл-күйге толы мерекелік жиын бүлдіршіндерге ерекше әсер сыйлап, олардың жазғы демалысының жарқын басталуына айналды. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған шараға лагерь тәрбиеленушілері, ұстаздар, ата-аналар мен қонақтар қатысты.
Іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, белгілі айтыскер ақын, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбеков, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Ұлжан Әбенқызы және қалалық білім бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Гүлжанат Танирбергенова қатысып, балаларды мерекемен құттықтады. Қонақтар бүлдіршіндерге ақжарма тілектерін арнап, олардың дені сау, білімді, өнерлі әрі елін сүйетін азамат болып өсуіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ жас ұрпаққа мемлекет тарапынан әрдайым ерекше көңіл бөлініп, олардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.
Мереке аясында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының атынан лагерь тәрбиеленушілеріне балмұздақ таратылып, балаларға ерекше қуаныш сыйланды. Күтпеген тосынсый бүлдіршіндердің шаттығын еселеп, мерекелік көңіл күйді одан әрі көтере түсті. Балалар қонақтармен еркін әңгімелесіп, естелік суретке түсіп, өздерінің алғыстары мен ізгі тілектерін білдірді.
Мерекелік бағдарлама барысында қызықты ойындар, көңілді эстафеталар, ән мен би кештері ұйымдастырылып, балалар белсенді түрде қатысып, көтеріңкі көңіл күйде уақыт өткізді. Сонымен қатар шығармашылық байқаулар, ұлттық ойындар, спорттық сайыстар мен танымдық тапсырмалар өткізіліп, қатысушылар өзара бақ сынасты. Балалардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Лагерь аумағында ұйымдастырылған мәдени-танымдық алаңдарда балалар сурет салып, қолөнер бұйымдарын жасап, түрлі үйірмелердің жұмысына қатысты. Аниматорлар мен ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен өткен ойын-сауық бағдарламалары мерекенің сәнін келтіріп, бүлдіршіндерге ерекше әсер сыйлады. Ән мен биге ұласқан концерттік бағдарламада жас өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің қошеметіне ие болды.
Іс-шара барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, лагерь қызметкерлері мен ұйымдастырушылар олардың жайлы әрі көңілді демалысын қамтамасыз ету бағытында барлық қажетті жағдайды жасады. Ата-аналар да ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, балаларға арналған осындай тағылымды әрі мазмұнды мерекелердің олардың жан-жақты дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүздері мерекенің көркін арттырып, «Балауса» лагеріндегі мерекелік шара бүлдіршіндер үшін ұмытылмас естелікке айналды. Осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, достық қарым-қатынасты нығайту және бақытты балалық шақ сыйлау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *