Түркістан облысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, оған мыңнан астам бала қатысты.
Мерекелік іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қалыптастыру – мемлекеттің және қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Балалар – біздің болашағымыз, өміріміздің мәні. Әрбір ұлан бейбіт аспан астында, ата-ананың мейірімі мен ұстаздың қамқорлығын сезініп өсуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде балаларды қорғауға бағытталған жүйелі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта Түркістан облысында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Балалардың сапалы білім алуы, медициналық қызметпен қамтылуы, жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуы және әлеуметтік қолдауы тұрақты бақылауда. Біздің облысымыз – таланттар мен дарындардың бесігі. Оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, спорт пен өнер сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Биыл халықаралық білім додаларында облыс намысын қорғаған 21 оқушы 14 медаль иеленсе, жалпы оқу жылында Түркістан облысының оқушылары халықаралық және республикалық деңгейде 169 жүлделі орын алды. Бұл – ұстаздардың қажырлы еңбегі, ата-аналардың қолдауы және мемлекет қамқорлығының нәтижесі. Қымбатты балалар, армандаудан қорықпаңдар, білім мен өнердің, спорт пен технологияның шыңдарын бағындыруға батыл қадам жасаңдар. Біз әр бастамаларыңа қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Іс-шара барысында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанған 20 дарынды оқушы марапатталып, қаржылай сыйақылар табысталды.
Сонымен қатар іс-шара аясында 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары таныстырылды. Аталған жоспар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы білім алуына жағдай жасауға, денсаулығын нығайтуға және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Сондай-ақ мереке барысында «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы кеңінен насихатталды. Бұл бастама отбасы құндылықтарын нығайтуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне бағытталған.
Балаларға құрмет көрсетілген әсерлі кеште өңірдің дарынды оқушылары мен шығармашыл жастары концерттік қойылымдарын ұсынып, балалардың өнері мен жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Мерекеге қатысқан 1000 балаға қазақ әдебиеті кітаптары тарту етілді.
Түркістан облысында балалардың сапалы білім алуы, шығармашылық және зияткерлік дамуы үшін жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Осы орайда, Түркістан облысының ішкі саясат және әлеуметтік даму басқармасы, білім басқармасы және мәдениет басқармалары бірлесе отырып, аймақтағы балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғауды басты орынға қойып келеді. Мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан осынау кешенді реформалар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өңірдегі әрбір отбасына, әрбір шаңыраққа оң әсерін тигізуде. Әсіресе қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі саясатты, отбасылық және гендерлік саясатты, ана мен баланы қорғау жөніндегі қызметті, қоғамдағы әйелдердің рөлін, демографиялық саясатты мемлекеттік тілінде ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру мақсатында атқарылып жатқан шаралар бұл мерекенің мазмұнын байыта түсті. Осы ретте ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту және заңға бағынатын саналы ұрпақ тәрбиелеу ісі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі ретінде кеңінен дәріптелді.
Бұл ретте қоғамдық ортада әйел-ананың алатын орны мен оның отбасылық тұрақтылықты сақтаудағы ерен еңбегі де ұлықталды. Отбасылық құндылықтарды сақтау, ана мен баланы қорғау мемлекетіміздің демографиялық әлеуетін арттырудың ең сенімді кепілі болып табылады. Осы бағытта Түркістан облысының барлық аудандары мен қалаларында ана мен баланың денсаулығын жақсартуға, олардың әлеуметтік жағдайын қорғауға арналған түрлі семинарлар мен ашық диалог алаңдары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осындай мақсатты жұмыстардың арқасында Түркістан өңірінде бала туу көрсеткіші жоғары деңгейде сақталып, көпбалалы және үлгілі отбасылардың саны жыл санап артып келеді. Мемлекеттік тілде жүргізіліп жатқан ақпараттық қолдау шаралары тұрғындардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға зор септігін тигізуде.
Алдағы уақытта да Түркістан облысының басшылығы мен жауапты мекемелері балалардың қауіпсіз ортада өсуін, олардың шығармашылық тұрғыдан дамып, заманауи технологияларды еркін меңгеруін толықтай қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды бұдан да өрістете түспек. «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын негізге ала отырып, өңірдегі әрбір баланың бақытты балалық шағын қорғау, олардың білім алуға, спортпен және өнермен айналысуға деген құштарлықтарын арттыру жолында жаңа жобалар жүзеге асырыла бермек. Мұндай жүйелі қадамдар мен рухани кештер еліміздің демографиялық тұрақтылығын нығайтып, болашақта егемен Қазақстанның атын әлемге танытатын саналы, білімді және тәрбиелі ұрпақтың өсіп жетілуіне берік негіз қалайды.
