Бүгін ауданында Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен ардақты ардагерлерімізге құрмет көрсетілді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Сейтжанов пен аудан әкімінің орынбасары А.Құлмахановтар еңбек майданында ерлік көрсеткен
Рахымбек Қалмырзаев, Асан Әсет сынды абыз ақсақалдарымыз бен ардақты ана Үрзада Әбілдаеваның берекелі шаңырағында қонақ болды.
Еңбекке ерте араласып, «Отан үшін» ұранына үн қосқан сол сәттегі жеткіншектер, балалық шақтың не екенін сезіне алмады. Тың жерге түрден салып, егіс даласында бидай ексе, дән жинау, төл бағу ісінде жас балалардың қатарында еңбек етті.
«Еңбекке жарамды ерлердің майданға аттанып, елде қалған жас балалар таң ата көзді тырнап ашып, бригадирдің пәрменімен қара жұмысқа ерте жегілдік. Қара жұмыс пен маңдай тер — адал еңбектің нанынан да дәм тарттырды», — деп ақсақалдар өткен шақты еске алды.
Тыл ардагерлерін 7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Жеңiс күні мерекелерімен құттықтап, сый-сияпаттар табыстады.
Елдің бірлігі мен ынтымағының сақталуына мұрындық болып, дәстүрлер сабақтастығын өскелең ұрпаққа насихаттап келе жатқан еңбек ардагерлерінің иығына зерлі шапан жапса, асыл әжемізге камзол кигізіп, ақ орамал ұсынды.
Сондай-ақ, ақылдың кеніші болған ел ағаларына қонақтар жеміс-жидектер мен көкөністер себеттерін табыстады.
Аға буын өкілдерінің ақ батасын алған Жансұлтан Әділжанұлы «Бүгінгідей айтулы мереке күні өздеріңізге зор денсаулық, жарасты көңіл — күй, баянды бақыт, отбасыларыңызға береке — бірлік тілеймін» – деп, еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қоса беруге тілектестігін білдірді.
Мереке қарсаңында көңілдері көтеріліп, жарқын әңгімелескен ардагерлер аудан басшысының ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.