Авторлық құқық аяққа тапталмасын десек…
Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын талқылай бастады. Еліміздің авторлар қауымы үшін бұл құжаттың қаншалықты маңызды екендігін білу мақсатында біз «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы ой бөлісті.
Шетел инвесторлары кеңесінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекетіміз зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағыт алды», деген болатын. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заң 1996 жылы қабылданып, кейін бірнеше рет кішігірім өзгерістер енгізілген. Мәжілістің жұмысшы тобының отырыстарына қатысып жүргендіктен, осы жолы да күткендегідей күрделі өзгерістер жасалды деп айта алмаймын.
Заңның 2-бабы – «Осы заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар» – 46 тармақтан құралған, ал әлемде бұл салада пайдаланатын ұғымдар саны екі есе көп. Бүгінгі өмір түгелдей цифрлық жүйеге көшіп жатқан сәтте, заңда «камкординг, кардшейринг, цифрлы экономика, цифрлы даму» сынды күнделікті пайдаланып жүрген ұғымдар мүлдем жоқ, бүкіл «техникалық» терминнің бәрі ЭЕМ-ге келіп тіреледі. 12 жас адамнан «ЭЕМ деген не?» деп сұрап едім, бір-ақ қыз: «Электронды-есептеу машинасы» деп жауап берді. Демек, бұл бапқа жаңа ұғымдарды енгізіп, оларға анықтама беру талап етіледі. Яғни аталған заңға жаңа редакция әзірлеу керек.
Авторлар құқығына байланысты әлемдегі үлкен проблеманың бірі – плагиат. Ән ұрлауға келгенде, қазақстандықтар ешкімнен кем емес, тіпті алдыңғы шепте тұрмыз десек те болады. Әннен әнге көшіп жүрген бір әуен, бір ырғақ, сөзі мен музыкасы сәйкес келмейтін екпін. Ғаламтордан көшіріп алған дайын әнге қазақша мәтін жабыстыра салып, «өзім шығарған ән» дейтіндер көбейіп барады. Біздің плагиаторлар жымқырудың қыр-сырын әбден біліп алған. Олар көбінесе Малайзия, Словения, Румыния сияқты елдердің біздің жұрт біле бермейтін эстрадасынан ұрлайды.
Ал қолданыстағы заңда плагиат туралы бір ауыз сөз жоқ! Қылмыстық Кодексінің 198-бабында «авторлықты иемденгенге қылмыстық жаза қолданылады» делінгенмен, плагиатты анықтау тәсілдері нақтылы белгіленбеген.
Плагиат туралы бапты заңға міндетті түрде енгізу және өнердің әдебиет, музыка, сурет, режиссура және басқа жанрларына тән плагиатты анықтайтын сапалық, сандық нормативтерді әзірлеу керек.
Жуырда Қазақстан фотографтар одағының төрағасы Асылхан Әбдірайымнан осы заңда фотографтардың құқығы қорғалмайтынын білдім…
Иә, қазір әркім өз телефонына ұнағанын түсіре беретін кезде фотограф неге керек деп ойлауға да болар. Ал 1996 жылы қабылданған заңда фотографтардың құқығы еленбей қалған. Біз әлемге әйгілі А.Картье-Брессон, Р.Аведон, И.Пенн есімдерін білеміз, кешегі өткен заманды фотоға түсірген Е.Умнов, Н.Хорунжий де есімізде. Осы тұрғыда С.Пернебаев, С.Бәсібеков, Н.Жұбанов еңбектерін білеміз бе? Қазақстанның белгілі әртістері, ақын-жазушыларының бейнелері бүгінге солардың қызметі арқылы жетті. Отандық спортшылардың жетістіктерін суретке түсіріп кеткен Д.Егізов те ұмыт болды. Бүгінде Н.Қизатұлы, М.Золотухин, Ф. Қабдыкайыров, Ю.Беккер, Ш.Шахай түсірген фотосуреттерге қараған кезде, олардың авторлық құқығы тапталып жатқаны ешкімнің ойына келмейді. Кәсіби фотографтың еңбегі – еліміздің зияткерлік меншігі, рухани қазынаның бір саласы, болашақ ұрпаққа қалатын тарихи байлық. Бірақ олардың да, олардың мұрагерлерінің де құқығын ешкім қорғап жүрген жоқ. Сондықтан қолданыстағы заңға фотограф туралы бапты міндетті түрде енгізу керек.
Авторлық құқық бүкіл әлемде бірыңғай, сондықтан дамыған елдің біреуінен дайын заң үлгісін неге алмасқа, әлде өзіміздің ұлттық ерекшелігіміз бар ма?
Бүгінде айтыскер ақындар халықтың сый-құрметіне бөленсе де, олардың авторлық құқығын қорғап жатқан ешкім жоқ.
Заңға «Той» ұғымын да енгізу керек. Бұл қалжың емес. Авторлық құқықты бұзушылықтың көкесі – тойда. Ән мен күйдің заңсыз пайдаланылуы, олардың авторларына сыйақы төленбеуі үйреншікті үрдіс болып кетті.
Көптеген мемлекетте авторлық құқықпен шұғылданатын бір-ақ мекеме бар, әрі кеткенде екеу: біреуі – тікелей авторлар құқығын, екіншісі сабақтас құқықты қорғаумен айналысады. Қазақстанда осындай жиырма шақты мекеме бар, кейбірі – қоғамдық бірлестік», қалғандары жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген. Осы мәселені отандық заңнама реттей ала ма?
Біздегі осы олқылықты байқаған бірнеше шетел ұйымдарының басшылары, атап айтсақ, CISAC (Авторлар мен композиторлар қоғамдарының халықаралық конфедерациясы), ВМІ (АҚШ), SOCAN (Канада) 2016 жылы Премьер-Министр К.Мәсімов пен Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевқа өтініш жолдаған. Бірі «Қазақстанда құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар тым көбейіп кетті және олардың басым көпшілігі осы саланың негізгі білімі мен біліктілігіне ие емес» десе, екіншісі соның салдарынан «пайдаланушыларды шатастырып, авторлар мен жалпы Қазақстандағы экономиканың шығармашылық секторына зиян келтіреді» деген. Аккредиттеу жүйесін даулы деп атай отырып, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы заңнамалық кемшіліктерді жоюды өтінген.
Арада бес жыл өтті, ал мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар саны көбею үстінде. Олар өз пайдасы үшін түрлі әрекеттерге барады. Ал бұдан зардап шегетіндер – авторлар. Олардың сыйақылары кімнің қалтасына кетіп жатқаны белгісіз.
Шетелдік сарапшылар біздің аккредиттеу жүйемізді неге «даулы» дейді? 2020 жылдың қараша айында сегіз ұйым ішінен тек екі құқықтарды ұжымдық басқару ұйымы (ҚҰБҰ) аккредиттелді емес пе?
«Қазақстан зияткерлік меншік құқықтарын басқару қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігін, «Қазақстан зияткерлік меншік агенттігі» республикалық қоғамдық бірлестігіне, «Ұлттық авторлық бірлестігі» қоғамдық бірлестігін «Абырой» авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігін, «Авторлар әндерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігіне, «Қазақ әуендерінің орындаушылары» республикалық қоғамдық бірлестігін әртүрлі себеппен аккредиттеуден бас тартты. Ал менің ойымша, негізгі себеп – олардың мемлекет белгілеген сыйақының шекті мөлшерінен асып кетіп, түскен қаржыны өз шығыстарына пайдаланғаны болса керек.
Негізінде, кез келген мекемені аккредиттеу жалпы тәртіпке ықпал етуі керек. Алайда «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» заңында аккредиттелген ұйымның аккредиттелмеген ұйымнан қандай артықшылығы бар екендігі туралы бірде-бір сөз жоқ. Керісінше, мекеменің аккредиттеуден өту-өтпеу еріктілігі принципі бар. Аккредиттеу алған ұжымдар Үкімет қаулыларын, басқа ережелерді қатаң сақтаса, аккредиттелмеген ҚҰБҰ өзінің ешқандай жауапкершілікке тартылмайтындығын біліп, тәртіпті бұза береді. Оған да талай мысал бар.
Жоқ, заң бар және біз сондағы қағидалар бойынша 30 жыл бойы жұмыс істеп келеміз. Бірақ сол заңның негізінде қазіргі өмірге сәйкес келетін жаңа редакциясын дайындау керек.