Шымкентте №50,47 жалпы білім беретін мектептерінің 10 және 11 сынып оқушылары арасында КР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түсу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Алматы академиясының кафедра бастығы Тлеубердиев Қанатбек және орынбасары Маймақов Айболат, Шымкент КПД Тұран АПБ
бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ешимбетов Қанатбек, тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция капитаны Бейсенбаев Нұржігіт, полиция аға лейтенанты Абай Айғаным қатысты.
Кездесу барысында оқушыларға аталған оқу орнындағы теория және практикалық жұмыстар бойынша дәрістер мен мысалдар келтіріліп, бейнежазбалар көрсетілді.
«Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген екен Бауыржан Момышұлы. Осы сөздің өзегіне бойласаң көп ақиқат ашылады. Отанды қорғау, ең алдымен, ер азаматтардың міндеті. «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» – деп Ата Заңда көрсетілген осы бір мағыналы ұғымды өскелең ұрпақ жастайынан бойына сіңіріп өсуі керек. Патриотизм – өз еңбегін, күш жігерін туған жері мен Отанын көркейтуге жұмсау деген ұғымды білдіреді.
Отанды сүю отбасынан басталады. Отбасына қамқор болған азаматтың Отанын сүюі, қорғауы заңдылық. Сіз бен біз айтып жүрген патриоттық тәрбиенің де негізі сол Отанды қорғауда жатыр.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы Отан алдындағы борышын өтеу арқылы ғана Отанды қорғауға міндетті емес. Әрбір ел азаматы, әскер қатарына белгілі себептермен болсын жарамай қалған жандар да елін және жерін қорғауға міндетті. Себебі ол сол елдің тумасы, сол елдің заңды азматы ретінде бәріне дайын болу керек.
Патриот болу деген сөз өз ұлтыңды ғана сүйіп, өзгеге құрмет танытпау деген сөз емес. Ең бірінші достық қарым-қатынас, екінші сыйластық, үшінші берілген тапсырманың үдесінен шыға білу керек. Әскери адамдардың бойында болатын ең үлкен қасиеттер де осы болса керек. Сабырлық пен ақылды қатар ұстап, тәрбиені тереңнен алған азаматқа елдің болашағын сеніп тапсыруға болады.