«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов «Шымкент май» зауытының ұжымымен кездесті.
Жиында зауыт қызметкерлері еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі және оған енгізілген өзгерістер, маңыздылығы туралы пайдалы кеңестер алды.
Компанияның тарихы Чимкент май комбинаты ашылып, іске қосылған сәттен, яғни 1942 жылдан бастау алады. Еліміз соғыстан кейін қалпына келіп, оның өнеркәсіптік әлеуеті өсті, біздің комбинат та өсті. Бастапқыда тәулігіне 280 тонна мақта тұқымын өңдеуге есептелінген өндірістік қуат жыл санап 1150 тоннаға дейін өсті.
1993 жылы Чимкент май комбинаты базасында «Шымкентмай» акционерлік қоғамы құрылды. Кәсіпорын қалдықсыз технология бойынша жұмыс істейді. «Шымкентмай» АҚ өндірістік қызметінің негізгі түрлері болып табылатындар: өсімдік майлары мен күнжара өндіру, және-ақ кір сабын шығару. Жүздеген мың қазақстандықтар «Шымкентмай» өнімдерін бағалап, тұрақты сатып алады.
Басқосуда АКБ төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек ҚР Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жыл — «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, техникалық инспекторлардың жұмысы мен өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау жайлы айтып, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және құқықтық көмек көрсету жайлы мағлұмат берді.
Өз кезегінде сөз алған Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бауыржан Қалжанов еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге тоқталып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өндірістік жарақаттану, өндірістегі жазатайым оқиғаларды есепке алу және тергеу, еңбекке қауіпті жағдайлардың алдын-алу жолдарын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары жөнінде де әңгіме өрбіді.
Қатысушылар көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, баяндамашылармен пікір алмасып, қызмет барысында туындайтын көптеген өзекті сұрақтарына жауаптар алды.
Жиын соңында Жарқынбек Құрманбек «Шымкент май» зауытының 80-жылдық мерейтойына орай құттықтау сөз сөйлеп, мекемеге қалалық Маслихаттың Алғыс хатын табыстады.