Бүгін 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне орай, аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Ербол Жұманов және ардагерлер мен тұрғындар орталық саябақтағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып қойылған «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлеріміздің рухына құрмет көрсетіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.
Салтанатты шарада аудан әкімі А.Қарсыбаев: «Бұл тарихи мерекенің әрбіріміз үшін, қоғам мен мемлекет үшін де маңызы ерекше. Жыл сайын осынау ең қастерлі Жеңіс мерекесін тойлай отырып, біз сол сұрапыл соғыста қаза тауып, халқы үшін құрбан болған жауынгерлердің есімдерін ардақтап ұлықтаймыз, құрметпен еске аламыз.Ұрпақтарының санасында қан майданды бастан кешкен аға буынның ержүректілігі нағыз отансүйгіштіктің үлгісіндей болып қала береді. Сондықтан да ортамызда қалған әрбір ардагерлерімізді ардақтап қадірлеу, олардың бар жағдайын жасау – біздің перзенттік парызымыз», — деп өз лебізін білдірді.
(с) Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі