Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған еді. Мемлекет Басшысының аталған Жолдауы Түркістан қаласы тұрғындары тарапынан зор қолдау тауып, келер күнден зор үміт артып отыр.
Біздің еліміздің одан әрі даму бағытының негізгі векторларын айқындауына байланысты, стратегиялық маңызды құжат болып табылады. Әрине, Жолдауда саяси, экономикалық және әлеуметтік сұрақтармен бірге азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұрақтарына да ерекше назар аударылған.
Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екендігін атап өткен Президент сот шешімдерінің сапасын арттыруға, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыруды қамтамасыз етуге, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу және одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берді.
Аталған бағыттарда белгілі бір жұмыстар атқарылып та келеді. Атап айтқанда, соңғы екі жыл отандық сот жүйесі дамуының маңызды кезеңі болды. Ұлт Жоспары аясында соттарды одан әрі жаңғыртудың маңызды құралы болып табылатын «Сот жүйесінің жеті түйіні» басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Тиімді судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған 17 заң жобалары дайындалды. Сот процестері түсінікті, қолайлы және ақылға қонымды болып, соттардың жайлылығы артты, республика соттарында қазіргі заманғы және келушілерге қолайлы фронт-офистар ашыла бастады.
Мемлекет Басшысының өз Жолдауында баса назар аударған сот шешімдерінің сапасын арттыруға жеке тоқтала кету керек. Жоғарғы Сот жергілікті соттар және заң қауымдастығымен бірлесіп аталған бағытта үлкен жұмыстар атқарды. Аталған жұмыстың нәтижесіде Жоғарғы Соттың «Сот үкімі туралы» және «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы» жаңа нормативтік қаулысы қабылданды. Бұрын егер сот шешімдері жүйеленбеген, көптеген керек емес ақпараттардан тұрса және қарапайым азаматтарға түсініксіз және қол жетімді болмай «ауыр» заң тілінде жазылса, қазір сот актілерінің нысаны мен тілі күрт өзгерді. Сот актілері қысқа және үйлесімді, заң терминологиясының артық «кептелуінсіз» жазыла бастады, халықаралық соттардағыдай анық құрылымы мен бөлімдердің нөмірленуі бар, тараптардың әрбір дәйектеріне уәжделген жауаптардан тұрады.Ең бастысы, енді іс бойынша шешім жариялағаннан кейін судья процес қатысушыларына қабылданған шешімнің уәждерін түсінікті және қарапайым тілде түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап береді. Бұл жаңашылдықтар практикада өзінің тиімділігін дәлелдеп берді, сот актілерін жоғары тұрған сатыларда шағымдалған сот актілерінің саны анағұрлым азайды.
Сот саласында жүріп жатқан түрлі реформалар қатарына «Азаматтық процестік кодекстегі соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқартуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жатады.
Дәуірдің, заманның илеуіне қарай, заңдар да жаңарып, толықтырылып өндіріске енуде. Бұл уақыттың талабы. Сан-салалы реформаларды жүзеге асырып жатқан сот жүйесін сараптайтын болсақ, соттарға артылған жүктеме қара нарға артқан жүктей. Сот жұмысының жүктемесін жеңілдету, бұқара халықтың сотқа деген сенімін арттыруда қыруар шаруалар атқарылды. Арғы жағын айтпай-ақ, 2016 жылы өткен VII съезінде қабылданған шешімдер жүзеге асуда. Соның бір парасы Азаматтық процестік кодекстегі өзгерістер мен толықтырулар. Олар сот отырысы тараптарының уақыты мен қаражаттарын үнемдеуге, сот жүктемесін жеңілдетуіне алып келді. Тек мұнымен шектелмей біраз сұрақтар, оның ішінде, сот отырысына қатысты, бұйрық арқылы іс жүргізу, татуластыру рәсімдері, сот шешімдері және өзге де өзекті тақырыптар, сотта шешілетін мәселелер құзіреті кеңейді.
Қазір біз технологиялық дәуірде өмір сүрудеміз. Сағат сайын, тіпті минут сайын ғылыми жеделдетілген әрі автоматтандырылған құрылғылар қолданысқа енуде. Соның бірі сот саласын цифрландыру. Енді бұл техникалық құралдарды пайдалану бойынша заңға: «Соттың рұқсатымен тараптар, куәлар, сарапшы-мамандар, аудармашылар техникалық құралдарды қолдануына құқылы және техникалық құралдар сот отырысы барысында қосымша дәлелдемелер, ақпараттар ұсыну мақсатында қолданылуы мүмкін. Алайда, аудио және бейнежазу бойынша сот отырысына қатысушы осы Кодекстің 19-бабы жетінші бөлігінің қағидаларын сақтамаса, аталған жазбаны тарату мен кейін қолдану мүмкіндігінен айырылып, сотқа құрметтемеушілік көрсеткені үшін оны жауапқа тартуға негіз болады»-деген өзгеріс енді.
Сондай-ақ, сот отырысына қатысатын тараптың келмеу салдарына байланысты қосымша ұсыныс бар. Егер қатысушы тарап техникалық байланыс құралын пайдалану арқылы қатысуға өтініш берсе, бірақ сот отырысында өз қатысуын қамтамасыз етпесе, сот оның келмеу себептерін дәлелсіз деп тануға құқылы.
Бүгінгі таңда сот отырысына бейне байланыс құралдары арқылы қатысушылар саны көбейді. Сол себепті, сотқа орнынан тұрып жауап беру, айғақтар мен дәлелдемелер ұсыну бойынша әрекеттер сот отырысы форматына қарай ескеріліп, өзгертілді.
Енді формат жағына ойыссақ, жаңа Заң соттар жұмысын заманауи форматта жетілдіруге күш салады. Онда, артық сот шығындарын қысқарту мәселелері, өндіріп алушыға сот бұйрығын беру және оны орындауға жіберу тарауында бұрынғыдай сот бұйрығын соттың мөрімен куәландырмай, электронды түрде қол қою туралы өзгеріс енгізілген. Және сот актісінің көшірмесі тікелей өндіріп алушының арызымен тиісті сот орындаушыға жолданады. Бұл бұрынғы әуре-сарсаңды азайтады. Сондай-ақ, сот бұйрығы негізінде берешекті өндіріп алу жағдайында борышкер мен өндіріп алушыдан түсіндірме алу үшін сотқа шақырмай-ақ, заңда белгіленген тәртіпке сай, борышкердің арыздары бойынша сот актісін, яғни сот бұйрығын заманауи электрондық форматта шығарады. Оған қоса, куә ретінде шақырылған тұлғаның негізді себептерге байланысты сот шақыруына келе алмаса, оның болған жерінде немесе жаңа жоба бойынша заманауи техникалық байланыс құралдарын қолдана отырып жауап алынуы мүмкін.
Шешімді шығаратын, үкімнің соңғы нүктесін қоятын сот. Тіпті кейде сот отырыстарында сотты құрметтемеушіліктер де болады. Ашық сот процестерінде, заң бойынша бейнесюжет жасауға, аудио-дыбыс жазуға рұқсат етілген жағдайда олар да ақпараттың шынайылығына мән беруі керек. Сонымен қатар, сот табалдырығының алдында тұрып алып, нақақтан-нақақ ақпарат таратындар оның сұрауы барын білуі тиіс. Ал сот отырысында, сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталса, төрағалық етуші судья заң бұзушыға сот отырысында сол факт бойынша дереу шаралар қолданады. Ол факт сот отырысының хаттамасында тіркеледі. Осындай іс-шараларға қатысты мәселелер шешімін тапты. Сот приставының процессуалдық дәрежесі заңнамалық тұрғыда азаматтық іс жүргізу аясында нақтыланды. Пристав сот отырысы кезінде залда қоғамдық тәртіпті сақтайды, сотқа процестік әрекеттерді орындауда жәрдем көрсетеді, соттарда судьялар мен процестің өзге де қатысушыларын күзетуді жүзеге асырады. Яғни, төрағалық етушінің өкімдерін және өзіне заңмен жүктелген басқа да өкілеттіктерді орындайды. Азаматтық процестік кодекске екі жаңа бап қосылды. Олар жаңағы айтып кеткен сот приставы мен аудармашыға қатысты баптар. Сондай-ақ, сараптама тағайындау кезінде сот тараптардың өтінішхаты негізінде немесе өз бастамасы бойынша тағайындайды. Тұлға сарапшыға қоюға тиіс сұрақтарды сотқа ұсынып, жауап алуға құқылы. Сарапшының қорытындысында көрсетілуі тиіс сұрақтарды сот белгілейді. Сот қатысушы тараптан ұсынылған сұрақтарды қабылдамауы жөнінде сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымында көрсетуге міндетті. Аталған бапқа қосымша өзгертулер енгізілген сараптама материалдарын сот айқындайды. Егер сараптама жүргізуде куәлардан қосымша мәліметтер қажет болса, сот оларды шақыруы және сарапшының қатысуымен жауап алуға құқылы. Тараптарға бұл туралы хабардар етіледі. Бірақ олардың келмеуі куәлардан жауап алуға кедергі болмайды. Мұнда жауап алынған куәлар істі қарау кезінде сот отырысына келуден және қайта жауап алудан босатылмайды.
Азаматтық істерде көбіне дау-дамай, отбасылық жағдай, тағы басқалары бар. Жаңа жобада татуластыру рәсімдеріне де көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Мысалға, бұрындары татуластыру рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, жариялы азаматтық-құқықтық қатынастардан шығатын істерге қолданылмаса, енді барлық азаматтық істерге қолданылатын болады. Яғни, қолдану аясы кеңейеді. Сонымен қатар, партисипативтік рәсімді тек адвокаттар емес, енді заң консультанттарының да жүргізу мүмкіндігімен кеңейтілген. Қазір заң консультанттары көбейгеніне байланысты, енді тараптарды татуластырудың бір жолы — партисипативтік рәсімнің қолданылуы жиіледі. Дауды бейбіт жолмен реттеуге кең өріс ашылады.
Қорыта айтқанда, сан-салалы реформаларды жүзеге асырып жатқан сот жүйесі туралы түсіндірме жұмыстары Түркістан қаласында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазір қоғамның көзқарасы өзгерген, сауаттылықтары да артқан. Дегенмен де, сот реформалар халықтың сотқа деген сенімін арттыру үшін әлі де үгіт-насихат жұмыстарын күн тәртібінен түсірмеген абзал. Сонда ғана, жалпы қазақстандықтардың, оның ішінде түркістандықтардың заң аясындағы сауаты арта түсуі анық.