Бүгін Шымкент қаласындағы Қасірет мемориалында – XX-ғасырдың бірінші жартысында еліміздегі орын алған оқиғаларға орай, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Азаматтық қоғамды және мәдениетті дамыту мәселелері жөніндегі «Miras» аймақтық кеңестің көшпелі отырысы өтті.
Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Бүгін жазықсыз жапа шегіп, егемен ел боламыз деп еркіндікке ұмтылған ерлерді еске алатын күн.
Расында да, отызыншы жылдарды былай қойғанда, 1919-1922 жылғы аштықтың өзі қазақтың еңсесін езіп кеткені анық-тын. Большевиктер 1919 жылдың басынан бастап ел ішінде азық-түлікті тәркілеу саясатын қолға алған еді. Қазақтың бақшасы болмағасын, қолындағы бары — малын тәркілеу басталды. Сексеуілді сексеуілге ұрып сындырғандай, қазақтың өз ішіндегі қызыл белсенділер — Ахметше айтқанда «өз ауылымыздың иттері» құлшына іске кірісіп, теңдікке уәде берген большевиктердің бетпердесі шешіле бастаған еді. Алаш арыстарының аштықтан елді аман қалу үшін аласұрып жылу жинайтыны да — осы кез.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.
Отандастарымыз зұлмат жылдардың құрбандарын еш уақытта естен шығармағаны жөн.
Енді мұндай оқиға қайталанбасын!
Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасай берсін!