Халық арасында жол-көлік оқиғаларын болдырмау, осы бағытта тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында, Жетісай қаласы әкімдігінің алдында ауқымды шара ұйымдастырылды. Яғни Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Асылхан Төрехановтың бастамасымен «Жолда қабылдау» акциясы өтті. Сондай-ақ тұрғындарды Жетісай АПБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Сәкен Джайлыбаев пен полиция подполковнигі Асхат Бақбергенов қабылдады.
Іс-шара аясында тұрғындар полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік, әлеуметтік және құқықтық мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Бір күнде 50-ден астам азаматтың сауалдарына жауап берген полицейлер, кейбір даулы мәселелерді шешуге ерекше ден қойды. Ал басқа да салаға қатысты өтініштерді тиісті жергілікті атқарушы органдарға жолдау арқылы көмектесетінін жеткізді.
Акцияның соңы тәртіп сақшыларының рейдімен жалғасты. Аудандағы автобекеттер мен Жетісай, Түркістан, Ташкент тас жолдарында жолаушы тасымалдайтын автокөліктерге жол ережесі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Көлік жүргізушілеріне арнайы дайындалған жаднамалар таратылды.