Үшінші мегаполисте «Қауіпсіз еңбек жылы» аясындағы кездесулер жалғасуда. Кезекті кездесуді «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов шахардағы ірі кәсіпорындардың бірі — «Tectum Engineering» ЖШС-ң ұжымында өткізді.
«Tectum Engineering» ЖШС зауыты 2014 жылы ашылып, іске қосылған. Зауыттың жалпы өндірістік қуаты жылына 5 000 000 шаршы метр толқынды шифер, бұл 2 500 000 парақты құрайды. Зауыт өнімдері ультра заманауи жабдықта шығарылады және оның Қазақстанда баламасы жоқ.
Жиында қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі және оған енгізілген өзгерістер, маңыздылығы туралы пайдалы кеңестер алды.
Басқосуда АКБ төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек ҚР Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жыл — «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, техникалық инспекторлардың жұмысы мен өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау жайлы айтып, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және құқықтық көмек көрсету жайлы мағлұмат берді. Одан бөлек, зауыт қызметкерлерін кәсіподаққа мүшелікке кіруге шақырып, бастауыш кәсіподақ ұйымын ашу жолдары мен кәсіподақ ұйымы бар мекемелердің артықшылықтары жайлы айтып өтті.
Өз кезегінде сөз алған Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бауыржан Қалжанов еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге тоқталып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өндірістік жарақаттану, өндірістегі жазатайым оқиғаларды есепке алу және тергеу, еңбекке қауіпті жағдайлардың алдын-алу жолдарын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары жөнінде де әңгіме өрбіді.
Қатысушылар көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, баяндамашылармен пікір алмасып, қызмет барысында туындайтын көптеген өзекті сұрақтарына жауаптар алды.