Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Shymkent Hub» өңірлік технопаркінің ашылуына қатысты. Жаңа орталықтың негізгі мақсаты-технологиялық кәсіпкерлікті өркендету, стартап-мәдениетті қалыптастыру, IT-саланы және цифрлық білім беруді дамыту, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Ашылу аясында IT-стартаптардың, IT-компаниялардың, робототехника мектебінің және Tech Orda бағдарламасына қатысушы жеке IT-мектептердің, сондай – ақ Шымкент қаласының инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
«Shymkent Hub «Astana Hub» білім беру және инкубациялық бағдарламаларын іске асыруға арналған платформа болады. Оның аумағында белсенді IT-қоғамдастықтың қалыптасуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар өтеді.
Стартап-жобаларды әзірлеу барысында қатысушылар кәсіпкерлік негіздерін, инвестицияларды тартуда қолдауды, қаржылық есеп жүргізуді және басқа да қажетті дағдыларды үйренеді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңыздылығын атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау шеңберінде «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірлерінде «ІТ Hub» ашу тапсырылған болатын.
Осыған орай, қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында «Shymkent IT Hub» технологиялық паркін ашу жұмыстары жүргізіліп, ғимараты бекітіліп және технопаркке материалды техникалық базаны (техникалық құрал-жабдықтар, жиһаз, кеңсе тауарлары) жеке инвесторлар есебінен қаржыландырылуда.
Сондай-ақ, «Shymkent IT HUB» — білім беру бағдарламалары кеңесінің қызметі. HUB Технологиялық кәсіпкерлікті танымал ету және технологиялық стартап құру үшін арналған.
Алдағы уақытта «Astana IT HUB» технопаркі және Әкімдік арасында 2 жартыжылдық қорытындысымен Меморандум жасалынып, ресми ашылу жоспарлануда.