Бүгін аудан орталығындағы “Ардагерлер аллеясында” Жеңістің 79 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Оған аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, тыл ардагерлері, зиялық қауым өкілдері, әскерилер, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Шарада аудан басшысы мен қатысушылар “Даңқ мемориалының” алдындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ Отан үшін отқа түскен боздақтар құрметіне бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Негізгі рәсімдерден кейін аудан әкімі Азат Оралбаев соғыс және тыл ардагерлерін, аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.
Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді 9 Мамыр — Ұлы жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
9 Мамыр-Отан үшін от кешкен боздақтардың айбыны мен абыройын, жеңісті жақындату үшін тер төккен тыл еңбеккерлерінің ерлігі мен елдігін паш етіп, бейбіт күннің бесігінде тербелген ұрпаққа ерліктің ерен үлгісін көрсететін ерекше күн. Бұл мерекені бүгінде төрткүл дүниенің түкпір-түкпірі бейбітшілік мерекесі ретінде тойлауда.
Бүгінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары саусақпен санарлықтай ғана қалды. Миллиондаған адамның жанын қиған сұрапыл соғыс жыл санап тарихтың қойнауына бойлап бара жатса да, оның қаһарлы сызы ешқашан ұмытылмайды.
Халқымыздың батыр ұлдары мен қыздарының майдандағы ерліктері бізге үлгі тұту барлығымызға ортақ міндет.
Отан үшін жан қиғандарды еске алып, олардың рухтарына бас иіп, тағзым ету-бүгінгі ұрпақтың мәңгілік парызы болып қалу керек…