Түркістан қаласында NEET санатындағы жастармен мақсатты жұмыс жүргізу бағытындағы кешенді шаралар жалғасуда. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен осы санаттағы жастарды анықтау және оларды әлеуметтік қолдау, қоғам өміріне тарту мақсатында үй аралау жұмыстары жүргізілуде.
NEET – бұл білім алмайтын, жұмыс істемейтін және оқуға қатыспайтын жастар санаты. Мемлекет тарапынан бұл топқа ерекше назар аударылып, оларды қоғамға бейімдеу, белсенді өмір салтына тарту және жұмысқа орналастыру – маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі.
Аталған іс-шара барысында Жастар ресурстық орталығының мамандары қаладағы тұрғын үйлерді аралап, NEET санатына жататын жастармен тікелей байланыс орнатты. Әрбір жаспен жеке сұхбат жүргізіліп, олардың әлеуметтік жағдайы, білім деңгейі, кәсіби бағыты мен қызығушылығы сарапталды. Жастардың өмірлік мақсаты мен қазіргі мәселелерін анықтау негізінде тиісті бағыттар бойынша кеңестер берілді.
Көптеген жастар түрлі себептермен жұмысқа орналаса алмағанын, кейбірі оқуды ерте аяқтап, әрі қарай білім алуға мүмкіндік таппағанын айтты. Мұндай жағдайларда орталық мамандары:
— Жұмысқа орналастыру қызметтерін;
— Қайта даярлау және қысқа мерзімді оқу курстарына жазылу жолдарын;
— Кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін;
— Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға қатысу мүмкіндіктерін түсіндірді.
Жастар ресурстық орталығының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында жастардың әлеуметтенуіне кедергі келтіретін факторларды анықтауға да назар аударды. Бұл – психологиялық тосқауылдар, отбасылық қиындықтар, ақпарат тапшылығы, қаржылық шектеулер және мотивацияның төмендігі.
Осындай себептердің алдын алу мақсатында орталық тарапынан кәсіби бағдарлау, құқықтық кеңес беру, мотивациялық тренингтер мен әлеуметтік бейімдеу жобалары қолға алынуда. Сонымен қатар мамандар жас азаматтарды «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға», «Жас кәсіпкер» сияқты мемлекеттік жобаларға қатысуға ынталандыруда.
NEET жастармен жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар тек Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен шектелмейді. Іс-шараға қала әкімдігі, жұмыспен қамту орталығы, білім бөлімдері мен денсаулық сақтау мекемелері де тартылуда. Бұл – жастарды барынша жан-жақты қолдауға бағытталған серіктестік жұмыстың жарқын мысалы.
Жастар ресурстық орталығының басшылығының айтуынша, әрбір жастың қоғамда өз орнын табуы – бүкіл қоғамның тұрақты дамуының кепілі. Қазіргі таңда Түркістанда NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыс жүргізілуде, бұл өз нәтижесін де беруде. Бірқатар жастар курстарға тіркеліп, кейбірі алғашқы жұмыс орындарына жолдама алды.
«NEET санатындағы жастармен жұмыс – бұл тек әлеуметтік көмек емес, бұл – жастардың болашағына бағытталған инвестиция» деген ұстанымды алға тартқан Түркістан қаласының Жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта да жастарды қоғамға бейімдеу, оларды белсенді өмірге тарту, кәсіби және жеке дамуына жол ашу жұмыстарын жалғастыра бермек.
Мақсат – әрбір жастың қоғамнан шет қалмауына жағдай жасау, олардың өмірлік жолда дұрыс бағыт алуына қолдау көрсету және жас ұрпақты еліміздің дамуына үлес қосатын саналы азамат ретінде қалыптастыру.
