2024 жылғы 15-16 мамыр күндері Павлодар облысы, Екібастұз қаласында өткізілген IV «Мәшһүр Жүсіп оқулары» республикалық конкурсына Шымкент қаласынан қалалық кезең жеңімпаздары қатысты.
Нәтижесінде:
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған №90 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Бердинияз Гүлсезім II орын дипломымен;
№2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Сарсенбек Рамазан “Зейінді зерттеуші” номинациясымен;
«Parasat AJ» жекеменшік мектебінің 10-сынып оқушысы Токтамысова Гүлсезім- “Өзгеше ойлы ұлан” номинациясымен марапатталды.
Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз! Болашақта білімді жастарымыз әлемдік деңгейді бағындыра берсін.
Сапалы білім алып, өмірдегі өз орнын табу – әр саналы адамның асыл мұраты. Сол жолда табандылық, ізгі мінез-құлық сияқты адам баласына тән қасиеттерге негізделген тәрбиенің маңызы ұшан теңіз. Тәрбиені адам баласы алдымен өскен отбасынан алса, екіншіден білім алатын оқу орындары, араласатын ортасынан алады. Соның ішінде өмірінің маңызды бөлігі саналатын оқу ордаларындағы кезеңінде алған тәрбиенің орны бөлек. Бүгінгі таңда елімізде арнаулы орта білім беретін орындар, яғни колледждерде біліммен қатар тәрбиеге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізіледі.
Жастар – халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар – бүгінгі жастар. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Білімсіздің күні қараң. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген білімді ұрпақ өз Отанын даму жолында аянбай тер төгеді. Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «алма піс, аузыма түс» деп жатудың өзі әбестік. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету әркімнің міндеті деп білемін.
Қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қарқынды дамуы, ел болашағаның кепілі. Даму барысында негізгі рөл жастарға артыларын ескерсек, сол жастар өз қара басының қамын қамдамай, ел болашағының беріктігін қалқалап жүруі керек. Өрнегін салған өткен күндерді тарих сахнасына қалдырып, асығы алшысынан түсер алдағы сәттерді санасына түйіп, іс-әрекетке бет бұруы тиіс.
Ол үшін негізгі міндет- сапалы білім. Білімді азамат атанып, ел мерейін асқақтатары тақиямызға тар келмесі анық. Сондай-ақ,айрандай ұйып, басы біріккен озық елдер қатарына қосылып көшбасшы атану көкірегімізде жалындап тұрған алау –үміттердің бірі.Тереземіз тең, керегеміз кең болуы үшін де зияткер ұл-қыз, білікті балалар тәрбиелеуіміз шарт.