Қазақстан Республикасы өзінің тарихи дамуының жаңа сатысына көтерілуде. Соған сай еліміздегі қоғамдық сана да өзгеріс үстінде. Әрбіріміздің санамыздағы өзгермейтін сенім мен мақсат бұл — Қазақстанның Тәуелсіздігін сақтау болса керек. Бұл орайда ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2021 жылы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының мазмұнымен үнемі санамызды жаңғыртып отыру артық болмас еді. Аталған мақалада Ел басшысы «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – жеріміз, тіліміз және қоғамдағы береке – бірлігіміз..» екені туралы толғана айтқаны белгілі. Ол пікірлермен көпшілік келіседі. Ендігі жерде ел боламыз, халқымызды өркениет жолына түсіреміз десек сол Президент атап көрсеткен «мәңгілік мәселелерге» жалаң эмоция арқылы қарау емес, заңды жолдармен келу, сақтау, тіпті қажет тұсында жанымызды сала қорғау керек болады. Иә, елдігімізді таныту мен сақтау үшін әрбірімізге отаншылдық сезімдерге қоса ең алдымен құқықтық білім мен өркениеттілік жолына түсудің ең ұтымды жолдарын меңгеру қажет.
Кез-келген мемлекеттің мықтылығы мен өркениеттілігі сол елдегі заңдарды құрметтеу мен орындау арқылы көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда сол елдің Ата заңы немесе қоғамда үстем деңгейдегі өзге де заңдарға және соларды негізге алатын түрлі бағыттардағы заңдардың мазмұнына, олардың қоғам мүшелері тарапынан орындалу мәдениетіне де тікелей байланысты. Соның ішінде қолданыстағы заңдардың Ата заңға сәйкестігі мәселесі өзекті мәселенің бірі. Бұл орайда соңғы уақытттарда біздің елде де құқықтанушы мамандар мен белсенді қоғам мүшелері тарапынан еліміздегі қабылданған және қолданыстағы заңдардың Ата заңға сәйкестігіне қатысты жайттарға баса назар аударыла бастағаны қуантады. Өз кезегінде қолданыстағы заңдардың адам құқығы мен әділдік тұрғысынан маңызына қатысты айтылған пікірлер қоғамдық сананы оятып, тіпті кейбір заңдарға тиісті түзетулер жасала бастады. Бұл біздің қоғамның құқықтық тұрғыдан ілгерілеуінің анық көрсеткіші бола алады.
Елдігіміздің берік негізі – Ата заңымызды құрметтеу мен сақтауда жатыр. Олай болса қолданыстағы заңдарды білу, сақтау еліміздің азаматтарының басты борышы, құқықтық міндеті. Солай еткенде ғана азаматтардың бүгінгі құқығын қорғап, ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпай өркениетті ел боламыз. Алда келе жатқан ҚР Конституциясы күні құтты болсын!
Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісінің орынбасары,
ОҚМПУ Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры, т.ғ.к.
Анарбаев Қайрат Сапарханұлы