Құқықтық реформалар – өркениетті сипат беру және заңның үстемдігін қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан құқықтық жүйенің түбегейлі өзгерістері.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы құқықтық реформалар Қазақстан Республикасының 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасымен анықталады. Бұл құжат 2009 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың №858 Жарлығымен бекітілген. Тұжырымдама 5 негізгі бөлімнен тұрады және 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік құқықтық саясаттың бағыттарын қамтиды. Бүгінгі таңда бұл құқықтық саясат тұжырымдамасы да біртіндеп тарихқа айналуда. Заңнамалық актілерді қалыптастыру мен жетілдірудегі кез-келген басқару формасында қоғамның құқықтық жүйесін анықтау үшін маңызды принциптерді, мақсаттар мен міндеттерді таңдау қажет. Республиканы құқықтық және демократиялық тұрғыдан конституциялық бекіту, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу қажеттілігі және ұлттық заңдардың халықаралық нормаларға сәйкестігін қамтамасыз ету жедел өзгеріп жатқан өмір сүру жағдайларына уақытылы ден қоюды және мемлекеттің заң шығарушылық және құқық қолдану қызметін одан әрі жетілдіруді талап етеді. Тұжырымдамада ең жоғары конституциялық құндылықтар көрсетілген: өмір, құқық және адамның бостандығы. Сондай-ақ, құжат конституциялық нормаларды тиімді іске асыру мақсатында дайындалған.
Тұжырымдама – қоғам дамуының қазіргі тенденцияларына, жинақталған тәжірибеге, қоғамның саяси-құқықтық өмірінің элементтерін қалыптастырудың жақын және алыс перспективалары туралы ғылыми негіздерге, іргелі идеяларға негізделген біртұтас құқықтық саясат. Бұл мемлекеттің құқықтық саясаты саласындағы тиісті бағдарламаларды, заңнамалық жұмыстың ұзақ мерзімді және жылдық жоспарларын және елдің нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылады. Оның мемлекеттік құқықтық міндеттерге қол жеткізудің маңызды құралы болып табылатын мемлекеттік билік институттарының тиімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталуы өзекті мәселе. Сондықтан, елдің құқықтық саласында тексерілген саясат, стратегия және тактика болмаса, қоғамдық өмірдің кез-келген саласында мақсатты, жоспарланған қызмет болуы мүмкін емес. Еліміздің алдағы жылдардағы құқықтық саясатының негізгі басымдықтарын айқындайтын тұжырымдама құқық салаларын белсенді жетілдіруге және қазақстандық заңнаманың жаңа буынын қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғаудағы сот және құқық қорғау органдарының тиімді жұмысына бағытталуы керек.
Мемлекетті қалыптастырудың ажырамас шарты – құқықтық заңның және оның қоғамдық өмірдегі үстемдігі, оның негізі конституциялық заң болып табылады.
Конституция – ең маңызды құжат, мемлекет пен қоғамдық өмірдің құқықтық негізі, оған сәйкес адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар болып табылады. Адам құқықтарын құрметтеу ресми қағаз жүзінде емес, іс жүзінде ұлттық басымдыққа айналуы керек. Осыған байланысты Тұжырымдаманың басты негіздерінің бірі елдің нормативтік-құқықтық базасын, ең алдымен, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету тұрғысынан халықаралық стандарттарға сәйкестендіру болуы керек. Конституциялық бақылау және Конституцияның үстемдігін қорғау ТМД елдері арасында билік тармақтарының дәстүрлі үштігіне кірмейтін жалғыз квази-сот органы – Конституциялық Кеңеске жүктелген.
Конституцияның және демократиялық қоғамның тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі адамның құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде жеке шағымдану құқығын іс жүзінде жүзеге асыру деңгейі болып табылады. Жеке шағымдар институты әлемнің көптеген елдерінде бар. Азаматтардың конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі заңмен кепілдендірілген – бұл заңдылыққа негізделген сот төрелігінің идеологиялық құрылысының негізі. Мемлекеттік құқық саласындағы неміс теоретиктерінің бірі атап өткендей, мұндай заң «заң үстемдігінің негізі болып табылады». Сондықтан әлемнің барлық елдерінде Конституцияны және адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын қорғау, әдетте, сот органдарында жүзеге асырылады.
«Қазақстан-2025» стратегиялық жоспарына сәйкес, заңдардың сақталуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдыңғы қатарлы тетіктерін белсенді қолдану және азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру арқылы қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал жасау мақсат етілген.
Халықаралық ұйымдар заңның үстемділігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көрсеткіштердің жақсарғанын атап өтті. Үкіметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына сенім білдірген қазақстандықтардың саны 2015 жылы 60%-дан 2016 жылы 73%-ға артқан. Қазірдің өзінде біздің отандастарымыздың жартысы қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты азайту жұмысына жеке үлес қосуға дайын.
Бұл өзгеріс сот жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға, заңнаманың тұрақтылығын арттыруға, азаматтарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеуге бағытталған. Басқару процестерін кеңінен оңтайландыру және цифрландыру, ашық процедураларды енгізу сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін шектейді. Бұл өзгеріс азаматтар мен бизнес үшін сенімді құқықтық қорғауды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің адам құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі, Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің хатшысы, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру жобасының операциялар бойынша менеджері Сәуле Мектепбаева атап өткендей, Тұжырымдаманың қабылдануы көптеген өзгерістерге әкелді:
«Менің ойымша, сыни сәт мемлекет қоғамдық сенімнің маңызды екенін түсінген кезде орын алады. Мұнда бізде, Қазақстанда, 2010 жылы тұңғыш Президент Назарбаев қоғамдық сенім – бұл құқық қорғау, сот төрелігі және жалпы мемлекеттік сектордың тиімділігінің маңызды өлшемі екенін айтқан болатын. Бұл деңгейдің саяси деңгейде орнатылғандығы өте маңызды. Мысалы, саяси деңгейде «шенеуніктер, сіздер үшін қоғам сіз туралы ойлайтыны және қоғам сізге сенетіні маңызды болуы керек» деген мәселелер қозғалған кезде. Дәл осылай болады, содан кейін тұтынушыға бағытталған жаңа мораль қалыптасады. Мұндай жағдай біздің елімізде орын алды және көптеген өзгерістерге алып келді: біз бірінші рет дұрыс құқықтық статистика алдық, түрмедегі халық санын 30% -ға азайту жобасын сәтті жүзеге асырдық. Сайып келгенде, елімізде 8 түрме жабылды. Бұл үлкен сәтті жоба, амнистия ғана емес, бұл түрмедегі тұрғындардың санын кезең-кезеңімен, дұрыс бағытта төмендету деген сөз. Барлық осы реформалардың жүзеге асуы саяси ерік-жігер болды», – деді құқық қорғаушы «Еуразиялық медиа форумы» шарасында.
Жалпы, қылмыстық саясат – бұл мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық саясатының бөлігі, оның жалпы бағыты, ол қылмыс, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық заңнаманы қалыптастыру, оның қолданылуын реттеу, сондай-ақ қылмыстың алдын алуға бағытталған іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру арқылы қылмысқа әсер етудің негізгі бағыттарын, мақсаттары мен құралдарын айқындайды.
Құқық ғылымдарының докторы С.Жүрсімбаевтың пікірінше, Қолданыстағы Қылмыстық кодекс қылмысқа қарсы күресте және адамның құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет пен қоғам мүдделерін қылмыстық-құқықтық қорғауда жеткілікті дәрежедегі тиімді құрал болып табылады. Сонымен бірге, Тұжырымдама заң ережелері жеткілікті түрде айқын және нақты негізге алына отырып, заңды және заңсыз әрекеттерді нақты ажыратуға мүмкіндік беретін, оны еркін түсіндіру мүмкіндігін болдырмауға негіз қалауы керек. Сонымен, қазіргі уақытта әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, мүліктік немесе діни араздықты қоздыру туралы баптарға қатысты көптеген қарама-қайшы пікірлер бар. Тек соңғы 4,5 жыл ішінде СДТБТ Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша 657 қылмысты тіркеді, оның ішінде 384 іс сотқа жолданды. Әлеуметтік желілерді қолданушылардың посттар, репосттар, пікірлер мен «лайк» қоюының кейде демократиялық қоғам негіздерінің бірі болып табылатын пікір еркіндігін білдіретінін немесе кез-келген немесе экстремистік бағыттағы ақпарат тарату екендігін анықтау қиын. Себебі соңғы уақыттарда пікір білдіру арқылы жалған ақпараттың тез таралып кету қарқыны байқалып отыр.
Сот төрелігін жүзеге асыру саласы. Тәуелсіздік жылдарында еліміз заманауи сот жүйесі мен сот ісін жүргізуді құруға, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған түбегейлі өзгерістерден өтті. Алайда, құқық қолдану практикасы сот жүйесін одан әрі жетілдіруді және нығайтуды қажет етеді. Жаңартылған құжат әділет органдарының тұтастай алғанда халық алдындағы есебін бекітуі керек. Бұған дейін Тұжырымдамада халықтың сот қызметі туралы ақпаратқа кең қол жетімділігін қамтамасыз ете отырып, сот жүйесінің ашықтығы мен айқындылығы деңгейін арттырудың маңыздылығы атап өтілген болатын. Алайда, қазір Жоғарғы Сот басшыларының есептері де жасырын немесе қысқартылып берілетін болған. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап сот төрелігін жүзеге асырудың нәтижелері туралы аналитикалық есептер мен сот қызметінің негізгі бағыттары бойынша талдамалық есептер ресми веб-сайттарға жариялау да тоқтады.
Мамандардың пікірінше, Еуропа Кеңесінің барлық мүшелері, сонымен қатар көптеген ТМД елдері мүше болып табылатын Адам құқықтарын қорғау туралы Еуропалық конвенцияны ратификациялау маңызды, бұл біздің еліміз үшін халықаралық имидждің оң көрсеткіші болады. Қазақстандағы адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау деңгейінің еуропалық стандарттарға жақындауы азаматтарға халықаралық сот органдарына сот актілеріне шағымдану құқығын толығымен іске асыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, ҚР Құқықтық саясат тұжырымдамасы мемлекеттік билік органдарының тиімді жұмыс істеуін, заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының сындарлы және серпінді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған, бұл өз кезегінде заңдардың мазмұны мен сапасын және елімізде барабар реформаларды қамтамасыз етеді. Бұл құжат бірыңғай құқықтық саясат құрудың құралы болып табылады.
Еркежан АРЫН