Отбасы және оның ішкі мәні мен маңызы туралы ғұламалардың жазған еңбектері өте көп. Ол еңбектер ғылым мен білімде, өнер мен мәдениетте, руханият пен әдебиетте өз орнын тауып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар сілтеп келеді. Алдағы болашақта да мұндай еңбектер жазыла бермек. Алайда сол данышпан ғұламалардың өзін жүз ойландырып, мың толғандырған, сосын жалпы қоғамның толғақты мәселесіне айналған отбасы ұғымын біздер қаншалықты қадірлеп жүрміз?! Әрине, келісеміз. Сіз де отбасыңыз үшін түн ұйқыңызды төрт бөліп, жан жарыңыз бен бала-шағаңыздың қамы деп басыңызды тауға да, тасқа да ұрып жүрсіз. Олардың жақсы өмір сүріп, ішкені алдында, ішпегені артында болатын бақуатты тұрмысқа жетуіне барыңызды салдыңыз. Ол үшін ақылыңыз бен сабырыңызды, күшіңіз бен жігеріңізді ешқашан аяған жоқсыз. Десе де, осының өзі жеткілікті деп айта алмасыңыз анық. Жалпы, отбасы әке мен ана және бала арасындағы өзара қатынасқа құрылады. Әрине, туысқандықты жоғары бағалайтын қазақ халқында отбасылардың өте үлкен болатыны түсінікті. Алайда біз отбасылық қатынасты осы үш тараптың арасында талдағанды жөн көрдік. Біздің отбасымызда патриархалды қатынастарға негізделгендіктен үйде әкенің рөлі қашанда жоғары. Ол – отбасының асыраушысы, қорғаны әрі иесі. Дегенмен бүгінде көптеген отбасыларда «отағасы» деген атқа лайық ер азаматтар азайған, үйдегі әкенің рөлі төмендеген. Оған себептер көп. Ең әуелі бұрынғы қазақ қоғамында қалыптасқан әкелер институтының сабақтастығы үзілген. Кезінде ес білген ер баланы атқа мінгізіп, ел аралатып, жер көрсететін. Ол аузы дуалы ақсақалдардан бата алып, ер болудың, отан қорғаудың қасиетті парыз екенін түсінетін. Сондықтан жауына қаһарлы, досына адал, жақындарына мейірімді нағыз еркек болуды меңгеретін. Ал бүгінгі күні барлығы тіршіліктің қамытын киген соң, жан бағудың қамымен жүріп, алыстағы ақсақалдан бата алу түгілі, жақындағы туысымен араласпайтын отбасылар көп. Ал жер көріп, ел танымаған өрісі тар ұлдың болашағы қандай боларын болжау қиын. Мұндайда қазақтың «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады» деген аталы сөзі ойыңа еріксіз оралады. Екіншіден, отбасына уақытын аз бөлу. Шыныңызды айтыңызшы, сіз отбасыңызбен күнделікті қанша уақыт бірге боласыз? Соңғы рет отбасыңызбен демалыс орындарына, саябаққа, киноға қашан бардыңыз? Балаңызбен соңғы рет қашан сөйлестіңіз? Уақытыңыздың тапшы екені де рас. Отбасыңызды материалдық қамтамасыз ету үшін тынбай жұмыс істеуіңіз керек. Бірақ отбасы үшін материалдық игіліктен де бөлек құндылықтар бар ғой. Отбасыңыз сіздің әрқашан олардың жанында болатыныңызды және өздерін қатты жақсы көретініңізді сезінуі сіз үшін ақшаға сатып ала алмас теңдессіз қымбат қазына емес пе?! Әрі олардың алдындағы абыройыңыздың күннен күнге биіктей берері хақ. Үшіншіден, қиын да болса мойындауға тиіс себеп – әкенің отбасындағы орнын оның табысы анықтайтындығы. «Әйелінің тапқанын жеген еркектің басы күнде маңдайшаға тиеді» деген сөз бар. Мұндайда еркектің отбасын асырау қызметі әйеліне ауысқан соң, оған да еркекке тән мінез пайда болатыны ақиқат. Яғни әйелге тән нәзіктік келмеске кетті деген сөз. Енді ер мен әйелдің орны ауысқан соң баланың санасындағы әкенің абыройы да аяқасты болады. Осылайша отбасында бір-біріне кері пропорцияналды жағдай пайда болады. Ең жаманы отбасындағы мұндай олқылық тек өздерімен кетпейді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішердің» ауылы алыстап, керісінше үйдегі көріп өскен тәрбиесіне қарай дөрекі қыз, ынжық ұлдардың пайда болуына жол ашады. Ал оларды көрген келесі ұрпақ тағы сол жүлгені қуалайды. Осылайша мәңгі бақи жалғаса бермек.
R-ақпарат