Шымкент қаласында Қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық күні мен Эколог күніне орай «Эколог сағаты» республикалық акциясы ұйымдастырылды. М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің базасында өткен іс-шараға эколог мамандар, табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері, педагогтер мен колледж студенттері қатысты.
Акция Шымкент қаласы білім басқармасының қолдауымен «Экология, өлкетану және туризм орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және М. Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамыту және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының құндылықтарын насихаттау.
Жиынның ашылуында Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Айгүл Рүстемова қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, қоршаған ортаны қорғау ісінде жастардың белсенділігінің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев «Қазіргі экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, өңірдегі экологиялық ахуал, табиғатты қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы кеңінен әңгімеледі.
Сондай-ақ, «Мирас» колледжінің студенті Елдос Аширалиев «Таза табиғат және саналы қоғам: қоқысты сұрыптау арқылы экологияны сақтау» тақырыбындағы жобасын таныстырса, Авиценна атындағы жоғары медициналық колледжінің студенті Айдана Барыс «Эко-волонтерлер: табиғат пен руханият жаршысы» тақырыбында сөз сөйлеп, жастардың қоршаған ортаны қорғау ісіндегі рөліне тоқталды.
Бағдарлама аясында өткен «Экологтан сұра» ашық диалог алаңы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Студенттер табиғатты қорғау саласының мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, экологиялық мәселелер бойынша пікір алмасты.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде «Таза Қазақстан: сұрыпта, сақта, қорға!» атты экологиялық квиз ұйымдастырылып, қатысушылардың экологиялық сауаттылығы мен білім деңгейі сынға түсті.
«Экология, өлкетану және туризм орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ұлжан Қамытбекованың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
– Қазіргі таңда экологиялық мәдениет қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Табиғатты қорғау тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі болуы тиіс. Біз жастардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастыруға, олардың экологиялық сауаттылығын арттыруға ерекше мән беріп келеміз. «Эколог сағаты» сияқты акциялар жас ұрпақты нақты іске жұмылдырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Бұл – «Таза Қазақстан» бастамасының мақсат-міндеттерімен үндесетін маңызды жұмыс, – деді Ұлжан Жайлауқызы.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, акция жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға, табиғатты қорғау мәселелеріне деген қызығушылықты күшейтуге және қоғамда экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Іс-шара соңында белсенді қатысушылар марапатталды.
