Әлемде жылдан-жылға адам құқығы мен азаматтардың бас бостандығы және құқықтық сана, құқықтық мәдениет басты орынға шығып, айқындалып келеді. Бұл – уақыт талабы. Әсіресе, елімізде азаматтардың құқықтық сана, құқықтық мәдениет туралы таным-түсінігі тереңдеген. Мұны құқықтық мемлекет құрудың алғы шарты деп түсінген дұрыс болар.
Ата заңда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», деп жазылған. Конституцияда жазылғандай, құқықтық мемлекет құрудың нақты формуласы құқықтық мәдениет қалыптастырумен айқындалады. Құқықтық мәдениет мүмкіндіктерін пайдалану арқылы құқық бұзудың жолын кесіп, қоғамдық тәртіпті қатаңдатып, әртүрлі заң бұзушылыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыруға болады. Ол үшін құқықтық сауаттылық өте жоғары болуы керек. Құқықтық мәдениет болмаған ортада құқықтық жүйе де әлсіз келеді.
Әдетте, азаматтардың құқықтық белсенділігі құқықтық мәдениет деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Жасыратыны жоқ, қоғамда дәрігерлер мен мұғалімдерге, полицейлер мен әкімдік қызметкерлеріне халық арасында әртүрлі сыни әңгіме көп айтылады. Олардың қоғамдағы бет-бейнесін, образын дұрыс қалыптастырмаған. Бұл қате. Құқықтық мәдениет осындай дүниелерден басталу керек. Азаматтар бір-бірінің ар-намысын биік қойып, біріне-бірі құрметпен қарауы қажет. Сонда ғана қоғамда қалыптасқан кереғар танымдар бұзылады.
Құндылық өзгерген қоғамда құқықтық мәдениетті дамытып, құқықтық сананы қалыптастырудың нақты қадамы мемлекеттің құқықтық идеологиясын дұрыс жасау керек. Мамандардың айтуынша, азаматтар бірін-бірі сотқа сүйреп, түймедей дүниені түйедей қылмауы керек! Дамыған елдерде соттасудың құны өте қымбат. Ал бізде арзан. Небәрі 4000 теңге. Сол ақшаны төлеп, қалаған адамыңмен соттаса беруіңе болады екен. Әдетте, құны жоқ дүние қадірсіз келеді. Ал қымбаттың құны қашан да жоғары.
Кез келген елдің құқықтық мәдениетін азаматтардың құқықтық мәдениетіне қарап бағалауға болады. Азаматтардың құқықтық мәдениеті төмен, құқықтық санасы таяз елдерде құқықтық құндылықтар болмайды. Құқықтық мәдениетке, әдетте, мына дүниелер жатады, мысалы, құқықтық сана-сезім, құқықтық психология және құқықтық идеология, құқықтық білім, құқықтық эмоция мен құқықтық нигилизм және заңдық идеализм. Құқықтық мәдениеті бар азаматтар өте білікті, білімді, өмір тәжірибесі мол, құқықтық түсінігі, сана-сезімі, құқықтық білігі жоғары болып келеді. Ондай азаматтар айқайға айқаймен жауап бермейді, ережемен, тәртіппен, барынша, салқынқанды жауап қайтарады. Қазақтың мінезі, болмыс-бітімі құқықтық мәдениетке томпақ емес. Халқымыздың таным-түсінігі, салт-дәстүрі құқықтық мәдениетке сай, құқықтық санасы терең.