2026 жыл елімізде «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі жылы» деп жариялануына байланысты, 18 мамыр мен 8 маусым аралығында республика көлемінде «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты ауқымды акция өтеді. Іс-шара 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту. Сонымен қатар, полиция қызметінің беделін арттыру және түрлі ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту көзделген.
Іс-шара аясында дөңгелек үстелдер, семинарлар, кездесулер, рейдтік жұмыстар, қайырымдылық акциялар ұйымдастырылып, қоғам өкілдері, жастар мен еріктілердің қатысуымен флешмобтар өткізіледі. Ерекше назар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған балаларды қорғау мен қолдауға аударылады.
Акцияның басты ұраны – «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан!». Іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, #ЗаңМенТәртіп, #БалалардыҚорғау, #ЗорлықЗомбылыққаЖолЖоқ хэштегтері арқылы ақпарат таратылады.
Бұл бастама – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, қауіпсіз орта қалыптастыруға және қоғамда мейірім мен сыйластық құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
