Шымкентте алдағы сайлауды ұйымдастыруға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қаладағы сайлау учаскелерінің дауыс беруге әзірлігімен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жасалған жағдай да назардан тыс қалмайды.
Осыған орай №68 орта мектепте орналасқан №243 сайлау учаскесіне 67 жастағы Ысқақ Айдарбеков арнайы барып, дауыс беруге қажетті жағдайларды өз көзімен көрді. Еңбекші ауданының «Азат» шағынауданында тұратын ақсақал соңғы 14 жылдан бері мүгедектер арбасын пайдаланады. Бұған омыртқасындағы жарыққа байланысты жасалған операция себеп болған. Бүгінде ол қолмен басқарылатын электрлі арбасымен өздігінен жүріп-тұра алады.
Сайлау учаскесіне келген ол пандус арқылы ғимаратқа кедергісіз кіріп, учаскемен танысты.
«Сайлау учаскесіне арнайы келіп, дауыс беруге өзім еркін қатыса алатыныма көз жеткіздім. Пандуспен есікке дейін өзім көтерілдім. Жалпы, учаскенің дайындығына көңілім толды», – деді Ысқақ Айдарбеков.
№243 сайлау учаскесінде 1707 сайлаушы тіркелген. Олардың арасында мүгедектер арбасымен қозғалатын бір азамат бар. Учаске сайлауды өткізуге қажетті ұйымдастыру техникасымен толық жабдықталған.
Мұнда мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың дауыс беруіне де жағдай жасалған. Ғимаратқа кіреберісте пандус қарастырылған. Пандуспен өздігінен көтерілу қиын болған жағдайда, арнайы батырма арқылы учаске қызметкерін шақыруға болады. Қызметкер сайлаушыға ғимаратқа кіруге, бюллетень алуға және дауыс беру кабинасына дейін баруға жәрдемдеседі.
«Әрбір азаматтың сайлауға кедергісіз қатысуы маңызды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға қажетті жағдайды алдын ала қарастырдық. Дайындық кезінде қандай да бір мәселе анықталса, оны дер кезінде шешіп жатырмыз», – деді №243 сайлау учаскесінің төрағасы Мақсат Тлепов.
Бүгінде №243 сайлау учаскесі сайлауды өткізуге толық әзір.
