• Вт. Июл 14th, 2026
Популярные метки

БАЛАЛАР КҮЛКІСІ – ӘЛЕМНІҢ КӨРКІ, БОЛАШАҚТЫҢ БЕРЕКЕСІ

Автор:admin

Июн 2, 2026

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шардара қаласындағы «Ақ шағала» мейрамханасында ерекше балаларға арналған тағылымды әрі мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған шараның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, олардың қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіру, ата-аналарға қолдау көрсету және балаларға деген қамқорлықты арттыру.
Мерекелік жиынға ерекше балалар мен олардың ата-аналары, әлеуметтік сала мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері және демеушілер қатысты. Балалардың қуанышына ортақтасқан қонақтар бүлдіршіндерге жылы лебіздерін білдіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде балалардың амандығы, денсаулығы және бақытты балалық шағы – қоғамның басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті.
– Балалар – біздің ең үлкен байлығымыз, елдің жарқын болашағы. Әрбір бала қамқорлық пен қолдауға лайық. Ерекше балаларға көрсетілетін назар мен қолдау олардың өмірге деген қызығушылығын арттырып, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі мереке барша бүлдіршіндерге қуаныш пен жақсы көңіл-күй сыйласын, – деді Бейсенбай Төребеков.
Сонымен қатар аудан әкімінің атынан балаларға арнайы сыйлықтар табысталып, олардың мерекелік көңіл-күйі еселене түсті. Бүлдіршіндерге ұсынылған сый-сияпаттар олардың жүзіндегі қуаныш пен шаттыққа ұласты.
Шара барысында әлеуметтік салада белсенді қызмет атқарып жүрген мамандар мен игі бастамаларға қолдау көрсетіп жүрген демеушілерге аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Бұл марапаттар қоғамдағы қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын дамытуға қосқан үлеске берілген жоғары баға болды.
Сондай-ақ аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов қатысушыларды мерекемен құттықтап, мекеме қызметкерлері мен белсенді ата-аналарға Алғыс хаттар табыстады.
Мерекелік кеш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен, «Мейірім» орталығының ұйытқы болуымен және «Рахым. Сауап» қоғамдық бірлестігі мен демеушілердің қолдауымен жоғары деңгейде өтті.
Бағдарлама барысында балаларға арналған түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылып, ән мен би, шығармашылық қойылымдар ұсынылды. Бүлдіршіндер өз өнерлерін көрсетіп, мерекелік кештің сәнін келтірді. Әсем әуендер мен көтеріңкі көңіл-күйге толы шара қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік іс-шара барысында балаларға қолайлы орта қалыптастыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі шаралар ерекше балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы мейірімділік пен өзара қолдау мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.
Балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүздері мерекенің басты сәніне айналып, бұл күн барша қатысушылардың есінде ерекше жылы естелік болып қалды

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *