• Вт. Июл 14th, 2026
Популярные метки

ЖАРТЫТӨБЕДЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Автор:admin

Июн 2, 2026

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жартытөбе ауылдық округінде бүлдіршіндерге ерекше көңіл-күй сыйлаған ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. «Бірдей көңіл, бір әлем, бір мереке» атты мерекелік шара ауыл тұрғындары мен балалардың басын қосып, көтеріңкі көңіл-күйге толы жарқын мерекеге айналды.
Мерекелік шара өткен ауыл орталығындағы «Астана» саябағы арнайы безендіріліп, балалардың көңілінен шығатындай түрлі ойын алаңдары, сахналық көріністер, фотозоналар және шығармашылық бұрыштар ұйымдастырылды. Бұл күні саябақ аумағына 1000-ға жуық бүлдіршін мен ауыл тұрғындары жиналып, балалар мерекесінің ерекше атмосферасын сезінді.
Іс-шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, балаларды және ата-аналарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде балалардың қуанышы мен қауіпсіздігі, сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Балалар – еліміздің ең қымбат қазынасы, болашақтың иесі. Олардың алаңсыз өсіп, сапалы білім алып, өз қабілеттерін дамытуына мүмкіндік жасау – баршамызға ортақ міндет. Әрбір баланың жүзінен күлкі кетпей, арманы асқақ болсын. Бүлдіршіндеріміздің жетістігі – елдің жетістігі, – деді аудан әкімі.
Мерекелік шара барысында ауданның абыройын асқақтатып жүрген дарынды оқушыларға ерекше құрмет көрсетілді. Білім, спорт және өнер салаларында облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар оқушылар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жас жеткіншектердің жетістігін атап өту – олардың еңбегін бағалап қана қоймай, өзге балаларды да ізденуге, жаңа белестерді бағындыруға ынталандыратын маңызды қадам болды.
Балалар мерекесінің шырайын Шымкент қаласынан арнайы келген цирк өнерпаздарының әсерлі шоу бағдарламасы аша түсті. Кәсіби әртістердің акробатикалық қойылымдары, түрлі қызықты трюктері мен сахналық көріністері кішкентай көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Балалар әрбір қойылымды қызығушылықпен тамашалап, ұмытылмас әсер алды.
Мереке аясында бүлдіршіндердің белсенділігін арттыруға бағытталған спорттық және танымдық шаралар да ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен топтық эстафеталар, асық ату, шахмат, дойбы және басқа да ұлттық әрі зияткерлік ойындар балалардың шеберлігі мен тапқырлығын сынады. Жарыстарға қатысқан балалар өзара бақ сынап, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен және марапаттармен атап өтілді.
Сонымен қатар мерекелік алаңда балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған түрлі бұрыштар жұмыс істеді. Бүлдіршіндер сурет салу, қолөнер және түрлі ойын-сауық бағдарламаларына қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Қуыршақтар шеруі, ертегі кейіпкерлері мен анимациялық образдардың қатысуымен өткен бағдарламалар балаларға ерекше қуаныш сыйлады.
Іс-шара барысында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 1000-ға жуық балаға балмұздақ таратылып, бүлдіршіндердің мерекелік көңіл күйі одан әрі көтерілді. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық мерекенің басты сәніне айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың негізгі мақсаты – балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау ғана емес, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, достық қарым-қатынасын нығайтуға және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау.
Балалардың қуанышы мен шат күлкісі салтанат құрған мерекелік іс-шара кешкі уақытта аудан өнерпаздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен жалғасып, мерекенің мазмұнын одан әрі байыта түспек.
Жартытөбедегі бұл мерекелік шара балаларға ұмытылмас әсер сыйлап, олардың бақытты балалық шағын қалыптастыру жолындағы игі бастамалардың бірі болды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *