• Вт. Май 26th, 2026
Популярные метки

ҚАУІПСІЗ ЖАЗ — БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚ: КЕЛЕС АУДАНЫНДА СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Автор:admin

Май 22, 2026

Мемлекетіміздің ішкі саясаты мен әлеуметтік бағдарының ең жоғары құндылығы — адам, оның ішінде өскелең жас ұрпақтың амандығы мен саулығы болып табылады. Қазіргі таңда қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен баланы қорғау және балалардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету — мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндеттердің бірі. Жазғы уақытта балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлердің алдын алуда алтын ұя — отбасының, әсіресе ата-аналардың жауапкершілігі өте жоғары. Әрбір ата-ананың бала өміріне деген қамқорлығы мен қырағылығы — бақытты балалық шақтың ең берік қалқаны.
Осы орайда, жазғы демалыс маусымының басталуына байланысты Түркістан облысының Келес ауданы аумағындағы су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясаттың аясында қолға алынған бұл қауіпсіздік шаралары ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде ескерту және түсіндіру жұмыстарымен ұштасып, кең көлемде өтуде.
Жаз мезгіліндегі қайғылы оқиғалардың алдын алудың ең басты тетігі — дер кезінде жүргізілген ақпараттық-түсіндіру және ескерту жұмыстары. Осы мақсатта, Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі аумағында тұрғындар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ белгіленбеген әрі тыйым салынған орындарда суға шомылудың жолын кесу мақсатында арнайы ескерту тақтайшалары мен көрнекі билбордтар орнатылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар науқандық сипатта қалмай, ауданның барлық өзге де елді мекендері мен өзен-көл бойларында жүйелі түрде жалғасын тауып жатыр. Төтенше жағдайлар мамандары мен жергілікті билік өкілдері тұрғындарға жазғы кезеңде су айдындарында бірнеше маңызды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Ең алдымен, арнайы жабдықталмаған, су түбі тексерілмеген және шомылуға тыйым салынған белгісі бар белгісіз су айдындарына түсуге үзілді-кесілді тыйым салынады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Адал азамат» қалыптастыру және жауапты ата-ана мәдениетін дамыту мәселесін үнемі алға тартады. Баланың қауіпсіздігі — отбасы беріктігі мен ұлт болашағының кепілі. Сондықтан жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстап, оларды су бойында үлкендердің қарауынсыз қалдырмау қажеттілігі бүгінгі күннің ең басты талабы болып отыр.
Төтенше жағдайлар саласының мамандары балаларға тек ірі су айдындары, яғни өзендер мен көлдер ғана емес, тіпті аула ішіндегі кішігірім су бұрқақтары мен арықтардың да үлкен қауіп төндіретінін ата-аналар өз перзенттеріне үнемі түсіндіріп отыруы тиіс екенін сұрайды. Мұнымен қоса, әрбір ересек азамат жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, суға мас күйінде түсуден, белгіленген шектен (буйлардан) асып жүзуден және қайықтар мен өзге де су көліктеріне жақындаудан аулақ болуы тиіс. Себебі бұл салғырттық әрекеттер адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.
«Балаларды қараусыз қалдырмау, оларға қауіпсіздік талаптарын ерте жастан, отбасы тәрбиесі арқылы түсіндіру — қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең басты кепілі. Әрбір азамат, әрбір ата-ана өз өмірі мен жақындарының, перзенттерінің қауіпсіздігіне бейжай қарамай, жоғары жауапкершілік танытуы тиіс», — дейді Келес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жауапты мамандары.
Түркістан облысында ана мен баланы қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары практикалық шаралармен ұштасып жатыр. Келес ауданы бойынша су айдындары маңында арнайы құрылған мобильді топтардың қатысуымен рейдтік іс-шаралар жазғы маусым бойы күнделікті және тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Жергілікті тәртіп сақшылары, ювеналды полиция инспекторлары мен құтқарушылар бірлесе отырып, тыйым салынған жерде шомылғандарға әкімшілік шара қолданумен қатар, тұрғындарды демалыс кезінде барынша сақ болуға шақырады. Тек мемлекеттік органдардың қатаң бақылауы мен отбасылардың, ата-аналардың саналы жауапкершілігі біріккенде ғана біз балаларымыздың жазғы демалысын қауіпсіз әрі бақытты ете аламыз.
Келес ауданында қолға алынған бұл қауіпсіздік шаралары — Түркістан облысындағы отбасылық құндылықтарды ұлықтау, ана мен баланы қорғауды іс жүзінде ілгерілету және мемлекеттік әлеуметтік идеологияны халық арасында кеңінен насихаттау бағытындағы ең маңызды қадамдардың бірі. Шаңырағы бүтін, баласы аман, ата-анасы жауапты елдің — болашағы әрқашан жарқын болмақ.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *