«Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Шымкент қаласының Олимпиада резервін даярлау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Нашақорлық пен есірткіге қарсы күрес және олардың алдын алу шаралары» тақырыбында орталықтың әкімшілік құрамы, жаттықтырушылар мен спортшылар арасында «құқықтық сағат» ұйымдастырылды.
Нашақорлық бүкіл адамзат қоғамы бетпе-бет келіп отырған қасірет, адам баласын санасынан ажыратып, өзіне құл етіп қоятын індеттің өршуіне жол бермей, ел болашағы жастарға жан-жақты қолдау жасап, өмірдің мағыналы тұстарына бағыт-бағдар беруді үзбеу керек.
Осы ретте нашақорлыққа қарсы тұру, алдын-алу нашақорлыққа әдеттенгендерді емдеп-сауықтыру, зиян-зардаптарымен күресу үшін ата-аналардың сауаты болуы тиіс. Сондықтан ата-аналарға баланы есірткіден қалай қорғау керек, бала бойындағы қандай өзгерістерге назар аудару керек, мінез-құлық, психологиялық бұзылыстарды дер кезінде байқау, есірткі қолданатындар ортасына түсіп қалмау үшін, өзі қорғай алуы үшін не істеу керек сынды тақырыптарда семинар жұмысын жүргізу де барлық өңірде жүзеге асып жатыр.
«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел.
Синтетикалық есірткіні өндіру-ге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет» деп нашақорлықпен күрестің маңызы мен масштабын айқындаған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нашақорлыққа баса тоқталып, есірткі заттардың жас ұрпақ арасында көптеп таралуы ұлт болашағына зор қауіп екенін айтып, бұған қарсы қимылдар ұйымдастыруды талап етуі – Есірткісіз қоғам құруға жасалған маңызды бастама.
Кездесуге Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылымысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков қатысып, зиянды әдеттердің қауіптілігі ескертіліп, олардан аулақ болуға шақырды.