Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің төрағалығымен ағымдағы жылдың 5 айында атқарылған жұмысты қорытындылау мақсатында жиын өтті. Оған барлық қалалық, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің басшылары мен орынбасарлары қатысты.
Облыстың бас полицейі М.Қабденов: «Құрметті әріптестер! Қылмыссыз қоғам құру жолында баршамыз бірлесіп жұмыс атқарудамыз. Осы ретте назарымызды бірінші кезекте ел Президенті мен Ішкі істер министрі ден қойған жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмауға, алаяқтық, мал ұрлығы, жол көлік оқиғаларын азайту, қару қолданумен болатын қылмыстарға жол бермеу бағытында профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырамын»-деп атап өтіп, басшы құрамға нақты тапсырмалар жүктеді.
Ақпарат ретінде айтып өтсек, 2024 жылдың 5 айында Түркістан облысында орын алған қылмыс өткен жылға қарағанда айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізіліп отыр. Мәселен, ұрлық қылмыстарының тіркелімі 38.2%-ға, пәтер ұрлығы 45.2%-ға, мал ұрлығы 46,6%-ға азайған.
Айта кететін, жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау жұмыстарының негізінде тек қана білімді болумен шектеліп қоймай, сонымен бірге тәжірибелі, көпті көрген, адамдардың жүрегіне барар кілтті таба білер тәрбиеші болу да маңызды болып табылады. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасалып отырса, жасөспірімдер арасында болатын құқықбұзушылық болмауына пайдасын тигізеді. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі