• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Қазақ халқы бала тәрбиесіне аса қатты мән береді.

Автор:admin

Сен 30, 2022
Spread the love

«Тәрбие – тал бесіктен» — деген нақыл сөздің мағынасы тереңде. Сәби шыр етіп өмірге келгелі, жасалатын салт-дәстүр нышандары тәрбиенің бастауындай. «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» кітабында берілген қазақтың халықтық педагогикасының негізгі идеяларына сүйене отырып, жеке тұлға тәрбиелеуде ескерілетін ұлттық құндылықтарымызға тоқталғанды жөн көрдік.

«Ұлттық сананың өсіп, мәдени және рухани дәстүрлердің, тілдің қайта жаңғырған кезінде мектеп оқушыларын өз халқының рухани құндылықтарымен, ұлттық мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен түбегейлі, неғұрлым терең таныстыру қажеттілігі туады, яғни өткен мен бүгіннің және келешектің арасындағы рухани байланыс біріктіруші элемент болуы тиіс, бұларды жеткізуші – білім беру, мұғалімдер, дәстүрлер»,- деп жазады Асма Қалыбекова жоғарыда аталған еңбегінде.

Қазақтың халық педагогикасының мұраларын жалпы талдап қарағанда, оларда оқыту мен тәрбиелеу мәселелері туралы, отбасы, отбасылық дәстүрлер, ата-аналар мен балалар, достық пен махаббат туралы, Отан және оның байлықтарын арттыру жөніндегі аса ауқымды ақпарат бар екені, оны қазіргі жағдайдағы тәрбие тәжірибесінде кеңінен қолдануға әбден лайық екені байқалады. Халықтық педагогиканың артықшылығы мынада, ол «өз үйінде» өзі қожайын бола отырып, жас ұрпақты тәрбиелеуге ерте бастан тікелей, күн сайын ықпал етіп қана қоймай, халық даналығы мен қоғам арасындағы дәнекер, байланыстырушы буын қызметін де атқарады. Адамзат барлық тарихи дәуірлерде тәрбие обеектісі әрі субьектісі болған, бола да бермек.

Ғасырлар бойы жинақталған тәрбие тәжірибесі іс жүзінде сыннан өткен эмпириялық біліммен ұштаса отырып, халықтық педагогиканың өзегін құрайды. Тұрмыс-тіршілік ережелері және тәрбие тәсілдері – адам өмірінде кездесетін алғашқы заңдар, олар отбасында пайда болады. Қазақ халқының көптеген әдет-ғұрыптары, дәстүрлері шын мәнінде біздің елімізде тәрбиенің жазылмаған заңдары, отбасының моральдық кодексі іспетті болған, өйткені жас ұрпақты тәрбиелеудің сан ғасырлық тәжірибесі сүзгіден өтіп, осылардың бойына жинақталған. Кез келген ата-ана, мүғалім, тәрбиеші және тәрбие беру ісіне қандай да бір қатысы бар жандардың бәрі әлдебір тәрбиелік жағдаяттарда баға жетпес халық даналығын пайдалана алады әрі пайдалануы тиіс.

Бізде ұзақ уақыт бойы мектеп – балалардың басты тәрбиешісі, ал отбасы – оған көмекші әрі одақтас деп саналып келді. Алайда, жеке тұлғаның басты тәрбиешісі отбасының нақ өзі екенін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Әрбір баланы жеке тұлғаға айналдыратын қайталанбас бейнесі отбасында қалыптасады. Ал осыдан тағы бір маңызды қорытынды шығады: ата-аналардың педагогикалық білім-білікпен қарулануы мектеп педагогтарынан кем болмауы тиіс.

Әрбір ұлт «өсуі» қажет, яғни ұлттық білім алудың, ана тілін, әдебиеті мен өнерін оқытуды ұйымдастыруға арналған инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысудың, тұтас алғанда оқушылардың өз ұлтының мәдениетіне араласуының қажеттілігін ұғынуы тиіс.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика