• Пт. Май 29th, 2026
Популярные метки

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ: «Оңтүстік өңіріндегі қуғын-сүргін – ұрпақтар жадында»

Автор:admin

Май 29, 2026

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Шымкент қаласында маңызды ғылыми және тарихи шара өтті. «Оңтүстік өңіріндегі қуғын-сүргін – ұрпақтар жадында» атты дөңгелек үстел форматындағы конференция тарихтың ақтаңдақ беттерін жаңғыртып, жазықсыз құрбан болған бабалар рухына тағзым етуді мақсат етті.
Іс-шараны М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі бірлесе ұйымдастырды.
Жиын барысында музей тыныс-тіршілігімен танысу және «Қуғын-сүргін қасіреті» деректі фильмінің көрсетілімі өтіп, қатысушылар сол кезеңнің ауыр шындығымен бетпе-бет келді. Шараның алғы сөзін музей басшысы Құрбан Жандос Керімұлы бастап берді.
Алқалы жиында отандық ғалымдар мен зерттеушілер тың деректермен бөлісті:
Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлы профессор, т.ғ.д. – «Ағайынды Үсеновтердің тауқыметті тағдыры» туралы еске алып, тарихты тебіретті.
Исабек Баршагүл Қашқынқызы проректор, профессор – «Оңтүстік өңіріндегі саяси репрессияға ұшыраған ұлт зиялылары әйелдерінің тағдыры» туралы тың деректер айтып, әлі деп зерттеліп келетінін айтты.
Жанысбекова Гүлнар Әмірбайқызы Тұлға дамыту және ҚХАорталық басшысы, т.ғ.к. – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Шымкент өңірлік жұмыс тобының ғылыми-зерттеу жетістіктерін баяндап, алдағы уақытта тағы да деректер жариялатынын атап өтті.
Айтай Бахадыр аға оқытушы, т.ғ.к. – «1931-1932 жылдардағы Оңтүстік өңіріндегі кәмпеске науқаны» жайында маңызды деректер келтірді.
«Есімдері ел есінде»
Конференцияның ең әсерлі әрі тебіреністі сәті – Оңтүстік өңіріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының естеліктері болды. Есжанов, Қожамұратов, Кенбаев, Қаламбаев, Асқаров, Жайшыбеков және Әбүбәкіров әулеттерінің ұрпақтары мен келіндері сөз алып, өз отбасыларының басынан өткен тарихи қасіретті, қиын-қыстау кезеңдерді көздеріне жас ала отырып әңгімеледі.
Бұл шара – өткен тарихты ұмытпай, одан сабақ алудың және жазықсыз жапа шеккен тұлғалардың есімін мәңгілікке есте сақтаудың жарқын көрінісі. Тарихымыз түгенделіп, егемендігіміз баянды болсын!
#ТарихқаТағзым #ҚуғынСүргінҚұрбандары #Шымкент #ЕлЕсінде #ҰрпақтарЖадында #Ақтаңдақтар Тарихы

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *