Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 миллион адам темекі салдарынан көз жұмады. Соның 890 мыңға жуығы өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Ал Қазақстанда шылымның кесірінен жылына 18 мың адам көз жұмады екен.
1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен қолға алынған дәстүрлі шара биыл «Темекі және өкпе аурулары» тақырыбына арналды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда әлемдегі әрбір төртінші еркек пен әрбір жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген елдер онымен барынша күресіп келеді. Алайда, темекі бағасын көтеру, темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салу, тіпті, қоғамдық орындарда шылым шегуді шектеу де әзірге оң нәтиже бермей тұр.
31 мамыр – Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні. Осыған орай қаламыздағы Психикалық денсаулық орталығында Ашық есік күні өтті. Орталықтың нарколог-дәрігерлері темекінің, вэйптар мен кальянның зияндылығы туралы баяндамалар оқып, «жастар арасында профилактикалық жұмыстарға қалай көбірек көңіл бөлу керек» деген тақырыпта пікірталасты.
– Шылымқорлық – әлемдегі ең үлкен зиянды әдеттердің бірі. Қазіргі таңда әлемдегі әр төртінші еркек пен әр жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген елдер оған күреске барынша күшін салып келеді. Қазірде студенттер, жастар, тіпті оқушылар кальянды сәнге айналдырған. Ол кез келген қыдыру мен демалыстың сәніне айналды десек артық айтқандық емес. Ол аздай вэйп тарту белең алды. Тіпті оны зиянды әдет санамайтындар, баласының, қызының ерте құмар болғанына көңіл бөлмейтіндер де бар, – дейді орталық дәрігері Раушан Асанқызы.
Сонымен бірге дәрігер темекі шегетіндерді көптеген аурулар мазалап, әсіресе олардың репродуктивті денсаулығына кері әсер ететінін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, бала туу қабілетінің төмендеуі, жатырдан тыс жүктілік қаупінің жоғарылауына әкеліп соғады. «Ал жүктілік кезінде темекі шегу әртүрлі дәрежедегі ұрықтың гипоксиясына, құрсақішілік инфекцияға, иммун тапшылығына, нәрестенің өліміне әкеледі екен.
Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын ауруханаға түсетін тұрғындардың 68 пайызы немесе 2 миллионға жуық адам — шұғыл жеткізілгендер. Әрбір оныншы адам өміріне қауіп төнбейінше емдеу мекемелерінің табалдырығынан аттамайды. Ал, өлім-жітім жағынан алғашқы орында тұрған жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс алу органдары аурулары мен қатерлі ісіктің қай-қайсысы да — шылымқорлық салдарынан болатын дерттер.