Студент жастарға ұйымдастырылған алаңда жастар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, спикерлермен ашық пікір алмасты.
Кездесуге «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позылов, актер, жайдарманшы Ерболат Заркумов, медиа саласының өкілдері, депутаттар, жас көшбасшылар мен еріктілер қатысып, жастардың белсенділігі, азаматтық ұстанымы, мотивациясы және қазіргі қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісті. Сонымен қатар, қатысушылар жастар бастамаларын қолдау, мүмкіндіктер алаңын кеңейту және жаңа идеяларды жүзеге асыру бағытында пікір алмасты.
Актер әрі жайдарманшы Ерболат Заркумов жастармен кездесу барысында мотивация, қоғамдағы белсенділік және өз-өзіне сенудің маңыздылығы туралы ой бөлісті. Ол жастарды уақытты тиімді пайдаланып, үнемі ізденісте болуға және қоғам дамуына үлес қосуға шақырды.
«Жастардың қоғамдағы белсенділігі өте маңызды. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі дамуға ұмтылуы керек. Бүгінгі кездесуде жастардың қоғам өміріне белсенді араласуға дайын екенін байқадым. «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Bir Tolqynda» жобасы жастардың ойын ашық айтып, пікір алмасуына мүмкіндік беретін маңызды алаң. Осындай бастамалар ел дамуына серпін беріп, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Ерболат Заркумов.
Айта кетейік, іс-шараға Шымкент қаласындағы 8 жоғары оқу орны мен 39 орта арнаулы оқу орнынан 500-ге жуық студент қатысты. «BIR TOLQYNDA» жобасы жастардың үнін тыңдап, еркін диалог орнатуға бағытталған маңызды алаңдардың біріне айналуда.
