• Вт. Авг 18th, 2026
Популярные метки

Шымкенттік 40 отбасы көптен күткен баспаналардың иесі атанды.

Автор:admin

Авг 18, 2026

«Көрме» орталығының залында көпбалалы аналар балаларымен, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар және халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын басқа да кезекте тұрған азаматтар жиналды. Ресми рәсімде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекте тұрған азаматтарға Бозарық шағын ауданындағы жаңа жалдамалы тұрғын үйлердің кілттерін табыстады.

«Бүгін жалдамалы тұрғын үйдің кілттерін 40 отбасы – мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, жетім балалар алады. Мұндай тұрғын үйдің ерекшелігі – оны кейін сатып алу құқығымен берілуінде. Негізгі талап – тұрғын үй иелері жалдау ақысын, көрсетілген коммуналдық қызметтердің ақысын уақытылы төлеп, белгіленген қоғамдық тәртіп ережелерін бұзбауы және тұрғын үйді қосалқы жалға бермеуі керек. Егер мұндай жағдай анықталса, әкімшілік жосықсыз жалға алушыларды тұрғын үйден шығару туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы. Тұрғын үй алушылар үшін бұл өте тиімді. Өйткені жалдау ақысының мөлшері аз – бір бөлмелі пәтерді жалдау құны 10 мың теңгеге дейін. Екі бөлмелі пәтер – 15 мың теңгеге дейін, үш бөлмелі пәтер – 20 мың теңгеге дейін. Жалдау мерзіміне шектеу қойылмаған», – деп түсіндірді Шымкент қаласы тұрғын үй бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Көпжан Төлебаев.

Тұрғын үй алушылардың қатарында 28 жастағы Евгения Жолдасованың отбасы да бар. Бес баланың анасы, үй шаруасындағы әйел жас келіншек пәтер кезегінде тоғыз жыл тұрған. Енді көптен күткен қуанышын жолдасымен бірге бөлісіп отыр.

«Мен өте қуаныштымын. Енді біздің Бозарықта үш бөлмелі пәтеріміз бар. Барлығымызға орын жетеді. Оны тезірек өз меншігімізге сатып алуға тырысамыз», – дейді Евгения Жолдасова оптимистік көңілмен.

Евгенияның пәтерді өз меншігіне сатып алу жөніндегі сенімін жүзеге асыру оның жүргізуші болып жұмыс істейтін жолдасына байланысты. Әрине, жұмыс көбейеді. Бірақ бұл оларды қорқытпайды. Өйткені енді бастарында баспанасы бар, ал оның болашақта өз меншігіне айналу мүмкіндігі бар.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *