• Чт. Авг 27th, 2026
Популярные метки

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШҚЫ АУТОЛОГИЯЛЫҚ ТРАНСПЛАНТАЦИЯ СӘТТІ ЖҮРГІЗІЛДІ

Автор:admin

Авг 27, 2026

Шымкент медицинасы үшін маңызды тарихи оқиға орын алды. Қалада алғаш рет гемопоэздік дің жасушаларының аутологиялық трансплантациясы сәтті жүргізіліп, процедурадан өткен 56 жастағы Әміржан Әмірбекұлы бүгін үйіне шығарылды. Қазіргі жағдайы жақсы, өзін қалыпты сезінеді.

Трансплантация 2026 жылғы 7 тамызда Онкологиялық орталығы бар қалалық көпбейінді аурухана базасында жасалды. Пациенттің өз дің жасушалары бұған дейін, 28–29 мамыр күндері, Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығында арнайы сепаратор арқылы жиналып, ультратөмен температурада криоконсервацияланған. Кейін суық тізбек талаптары сақталып, Дьюар ыдысында Шымкентке жеткізілді.

– Бұл трансплантацияға ұзақ дайындық жүргізілді. Пациенттің дің жасушаларын жинау, сақтау және тасымалдаудың барлық кезеңі арнайы талаптарға сай орындалды. Трансплантациядан кейін жасушалардың орнығуы байқалып, қан көрсеткіштерінде оң динамика тіркелді, – деді аурухана директоры Талғат Құрманов.

Күрделі процедура Қазақстан Республикасының бас штаттан тыс гематологы, қауымдастырылған профессор, Сүйек кемігін трансплантациялау және онкогематология орталығының басшысы Вадим Кемайкиннің тікелей қатысуымен және бақылауымен жүргізілді. Жұмысқа Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы, «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» мамандары және қалалық көпбейінді аурухананың дәрігерлері қатысты.
Алғашқы трансплантацияның сәтті өтуі Шымкентте жоғары технологиялық медицинаның жүйелі түрде дамып келе жатқанының нәтижесі.

Қалалық көпбейінді аурухананың Мини-инвазивті хирургия орталығында ісіктерді радиожиілікті абляциялау, эмболизация, артериялық химиотерапия, холангиостомия, нефростомия және веналық порттық жүйелерді орнату секілді интервенциялық процедуралар тұрақты жүргізіледі.

Орталық «Philips Azurion» заманауи ангиографиялық аппаратымен жабдықталған.
Орталықта Шымкент тұрғындарымен қатар Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстарынан және Қырғыз Республикасынан келген пациенттер де ем алады. Сонымен бірге Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа елдердің мамандарымен тәжірибе алмасу және шеберлік сабақтары тұрақты ұйымдастырылады.

Шымкентте аутологиялық трансплантацияның енгізілуі күрделі гематологиялық аурулары бар пациенттер үшін жоғары технологиялық көмекті өз өңірінде алуға жол ашады. Бұл емделушілердің басқа қалаларға немесе шетелге бару қажеттілігін азайтып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырды.

Ал алғашқы трансплантациядан кейін Әміржан Әмірбекұлының бүгін үйіне шығарылуы Шымкент медицинасы үшін жаңа мүмкіндіктің нақты нәтижесі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *