• Вт. Июл 14th, 2026
Популярные метки

ШАҺАР БАСШЫСЫ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАДЫ

Автор:admin

Июн 10, 2026

Арыс қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Қала әкімдігінде өткен салтанатты жиында алтын құрсақ аналарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.
Мемлекеттік марапатқа ие болған аналарды қала әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қабылдап, олардың қоғамдағы орны мен отбасындағы ерекше еңбегін атап өтті. Шаһар басшысы көпбалалы аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, отбасы берекесін сақтаудағы еңбегі және ел демографиясының дамуына қосып отырған үлесі айрықша екенін жеткізді.
Салтанатты шара барысында қала әкімі аналарды мерейлі марапаттарымен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.
– Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ананың рөлі қашан да ерекше. Ана – отбасының ұйытқысы, балаға берілетін алғашқы тәрбие мен өнегенің бастауы. Баласын елге адал қызмет ететін азамат етіп өсірген әрбір ана – шынайы құрметке лайық. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен мейірімдеріңіздің арқасында саналы, білімді ұрпақ қалыптасып келеді. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін, – деді Қайсар Зәкірұлы.
Жиын барысында көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері салтанатты түрде табысталды. Бұл марапат – аналардың бала тәрбиесіне сіңірген еңбегінің, отбасы құндылықтарын сақтауға қосқан үлесінің және мемлекет тарапынан көрсетілген жоғары құрметтің белгісі.
Марапат иелері де өз кезегінде көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, мемлекет тарапынан аналарға жасалып жатқан қолдау шаралары үшін алғыстарын жеткізді. Олар бала тәрбиесі жолындағы еңбектің әрдайым бағалануы үлкен жауапкершілік пен жігер беретінін атап өтті.
Кездесу барысында аналар қаладағы әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстарға қатысты пікірлерін білдіріп, отбасы институтын нығайту, жас ұрпақ тәрбиесі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері жөнінде ой бөлісті.
Көпбалалы аналардың әрқайсысы – отбасының берекесін арттырып, ұрпағына тәлім-тәрбие беріп отырған қоғамның белсенді мүшесі. Олардың күнделікті еңбегі мен бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі жас отбасыларға үлгі болып, ұлттық тәрбие сабақтастығын жалғастыруға ықпал етеді.
Бүгінде елімізде ана мен баланы қолдау, отбасы институтын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осындай мемлекеттік наградалар арқылы көпбалалы аналардың еңбегі бағаланып, олардың қоғамдағы беделі мен мәртебесі арта түсуде.
Айта кетейік, көпбалалы аналарды қолдау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және отбасы құндылықтарын дәріптеу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ана еңбегін бағалау – қоғамның рухани байлығын арттырып, келер ұрпаққа үлгі болатын маңызды бастамалардың бірі.
Салтанатты шара соңында марапат иелері естелік суретке түсіп, өзара қуаныштарымен бөлісті. Аналарға көрсетілген құрмет пен ізгі ықылас мерекелік жиынның ерекше мәнін айқындап, барша қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *