Түркістанда ел болашағын айқындайтын, қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды алқалы жиын — Құрылтайға дайындық жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Осы орайда шаһардың белсенді жастары қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланған аумақтарда қала тұрғындары мен қонақтарына 23 тамыз күні өтетін Құрылтай туралы маңызды ақпараттармен бөлісіп, оның басты мақсаты мен мәнін түсіндіру акциясын өткізді.
Ақпараттық-түсіндіру сапалы түрде ұйымдастырылып, жастар шаһар тұрғындарына арнайы дайындалған ақпараттық парақшаларды таратып, алдағы жиынның ел дамуындағы орны туралы кеңінен баяндады. Құрылтай — тек билік пен қоғам арасындағы ашық диалог алаңы ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматтың өзіндік үнін, ұсынысы мен пікірін ашық білдіруіне жағдай жасайтын бірегей институт. Осы ретте жастар тұрғындарды азаматтық белсенділік танытып, маңызды бастамаларға біркісідей атсалысуға шақырды.
Кездесу барысында ұйымдастырушылар Құрылтайда талқыланатын негізгі бағыттарға, соның ішінде өңірді дамыту, жастар саясатын жетілдіру, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу жолдарына тоқталды. Тұрғындар тарапынан да қызығушылық жоғары болып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Шараға қатысқан қала азаматтары мұндай түсіндіру жұмыстарының халықтың саяси және құқықтық сауаттылығын арттырудағы рөлі жоғары екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда жастар — кез келген оң өзгерістің, жаңашылдық пен ілгерілеудің басты қозғаушы күші. Түркістандық жастардың мұндай маңызды саяси-қоғамдық шараларды ақпараттық қолдауға өздігінен бастамашы болып, тұрғындар арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізуі — олардың жоғары азаматтық жауапкершілігі мен отансүйгіштігінің айқын көрінісі. Ақпараттанған қоғам қашанда сапалы әрі негізді шешімдер қабылдауға қабілетті.
Әрбір пікір, әрбір ұсыныс және әрбір дауыс — елдің ортақ болашағы мен тұрақты дамуы үшін айрықша маңызға ие. Құрылтай сияқты алқалы жиындарға халықтың кеңінен қатысуы ашық әрі әділетті қоғам қалыптастырудың басты кепілі болып табылады. Түркістан жастары қала тұрғындарын ел болашағын бірге қалыптастыруға және маңызды бастама төңірегінде бірігуге шақырады.