• Ср. Авг 26th, 2026
Популярные метки

ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА ҰРПАҚТАРЫ» ЖАСТАР ҚОЗҒАЛЫСЫНА ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚАБЫЛДАУДЫҢ I КЕЗЕҢІ СӘТТІ ӨТТІ

Автор:admin

Июл 28, 2026

Қазіргі қоғамда волонтерлік (еріктілік) қозғалыс – жастарды отансүйгіштікке, жанашырлыққа, белсенді азаматтық ұстанымға баулудың ең қуатты құралдарының біріне айналды. Елімізде, соның ішінде киелі Түркістан топырағында еріктілердің қатары күн санап артып, олар түрлі әлеуметтік, гуманитарлық және мәдени жобалардың бел ортасында жүр. Осы орайда, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, оларды волонтерлік қызметке кеңінен тарту және бойларында мейірімділік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында маңызды бастама жүзеге асырылды.

Түркістан қаласында «Ұлы Дала Ұрпақтары» жастар қозғалысының волонтерлерін қабылдаудың алғашқы кезеңі сәтті өтті. Шараға қоғамға, өз қаласына пайдасын тигізгісі келетін, игі істердің басы-қасында жүруге ынталы белсенді жастар қатысты.

Жиынның беташары ретінде қатысушыларға «Волонтер деген кім?» тақырыбында арнайы ақпараттық-түсіндіру сессиясы ұйымдастырылды. Кезедесу барысында ұйымдастырушылар мен тәжірибелі волонтерлер еріктілік қызметтің мәні мен маңызы, оның қоғам дамуындағы орны туралы кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ, волонтер болудың басты жауапкершілігі, этикалық нормалары және еріктілердің алдында тұрған негізгі міндеттер жан-жақты түсіндірілді. Жас өрендер өздерін қызықтырған сұрақтарға тұщымды жауап алып, волонтерліктің жай ғана тегін еңбек емес, бұл – үлкен өмірлік мектеп, көшбасшылық қасиеттерді дамытудың және жаңа мүмкіндіктерге жол ашудың бірегей платформасы екенін ұғынды.

Кездесудің екінші бөлігі теориядан тәжірибеге ұласып, аса маңызды оқу-жаттығу форматында өтті. Іс-шараға арнайы шақырылған Қазақстан Қызыл Ай қоғамының өкілдері қатысушылар үшін арнайы шеберлік сабағын (мастер-класс) өткізді. Мамандар төтенше жағдайлар орын алған уақытта сабыр сақтау, дұрыс шешім қабылдау және ең бастысы – зардап шеккен адамға алғашқы медициналық-дерексіз көмек көрсетудің қыр-сырын практика жүзінде көрсетіп берді.

Шеберлік сабағында жастар адам талып қалғанда, қан кету кезінде, сүйек сынғанда немесе тыныс алу жолдары бітелгенде жасалатын алғашқы әрекеттерді өз қолдарымен жасап көрді. Қызыл Ай қоғамының өкілдері берген мұндай бағалы тәжірибе волонтерлер үшін өте пайдалы болды. Өйткені кез келген қоғамдық немесе бұқаралық шараларда, күнделікті өмірде төтенше жағдайлар орын алғанда, дәл осы волонтерлер бірінші болып көмекке келуге дайын болуы тиіс.

«Ұлы Дала Ұрпақтары» жастар қозғалысының өкілдері атап өткендей, бұл – іріктеу мен қабылдаудың бастамасы ғана. Алда қатысушыларды қабылдаудың II кезеңі күтіп тұр. Екінші кезеңде жастардың ұйымдастырушылық қабілеттері, топпен жұмыс істеу дағдылары мен нақты жобаларды жүзеге асыруға дайындығы сыналатын болады.

Жастар арасында қайырымдылық пен волонтерлікті дамыту – мемлекеттік жастар саясатының басты бағыттарының бірі. Мұндай жобалар Түркістан жастарының басын біріктіріп, олардың бойында бауырластық, отансүйгіштік және жанашырлық сезімдерін ұштауға үлкен септігін тигізеді. Іріктеудің алғашқы кезеңіне қатысып, волонтер болуға алғашқы қадам жасаған барлық жастарға алдағы кезеңдерде сәттілік тілейміз!

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *