Мемлекетіміздің жарқын болашағы мен тұрақты дамуы – бүгінгі жас буынның біліміне, азаматтық белсенділігіне және еңбекқорлығына тікелей байланысты. Жастарды отансүйгіштікке баулу, олардың бойында туған жерге деген жанашырлық сезімді қалыптастыру және адал еңбектің құндылығын ұғындыру – мемлекеттік жастар саясатының басты ұстанымдарының бірі болып табылады. Осы бағытта елімізде жылдар бойы сәтті жүзеге асырылып келе жатқан, ауқымы жағынан бірегей «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасының орны ерекше. Киелі де көне Түркістан қаласында бұл жоба тек жастарды маусымдық жұмыспен қамту құралы емес, сонымен бірге аға буынның өнегесін жалғастыратын үлкен тарбие мектебіне айналды.
Түркістан қаласы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жастары күн сайын қала тазалығы мен көркеюіне өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Түркістанның күннен-күнге құлпырып, заманауи туристік әрі рухани орталыққа айналуында осы жас жасақшылардың төккен тері мен тынымсыз еңбегінің салмағы бар. Күннің ыстық-суығына қарамастан, шаһардың бас көшелерін, саябақтары мен гүлзарларын, тұрғын үй аулалары мен қоғамдық орындарын ретке келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Тазалық – бұл жай ғана атқарылуы тиіс міндет немесе күнделікті атқарылатын механикалық жұмыс емес. Тазалық – туған жерге, өскен ортаға, өз қалаңа деген шынайы жанашырлықтың, жоғары мәдениеттіліктің көрінісі. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық концепциясы аясында өтіп жатқан әрбір тазалық акциясы жастардың табиғатқа, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырады. Бірлік пен жауапкершілікті ту еткен Түркістан жастары өздерінің іс-әрекеттері арқылы қала тұрғындары мен қала меймандарына өнеге көрсетіп, игі бастамаларды әрі қарай қолдауды жалғастырып келеді.
Еңбек жасақтарының қатарында мектеп оқушылары, студенттер, уақытша жұмыссыз жүрген жастар мен белсенді еріктілер бар. Оларды біріктіретін басты идея – адал еңбек және туған қаласының тазалығы. Жастар ресурстық орталығының мамандары атап өткендей, «Жасыл ел» сапында болған әрбір жасөспірім еңбектің қадірін түсініп өседі. Өз қолымен ағаш отырғызып, көшені қоқыстан тазартқан, бордюрлер мен қоршауларды ретке келтірген жас азамат ешқашан көшеде тәртіп бұзбайды, тазалықты сақтайды және өзгелерді де соған шақырады. Осылайша, жоба арқылы қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасуда.
Бұдан бөлек, «Жасыл ел» еңбек жасақтары жастар үшін үлкен социумдық институтқа айналды. Мұнда олар жаңа достар табады, ұжымда жұмыс істеуді, бір-біріне қолдау көрсетуді, көшбасшылық қасиеттерді дамытуды үйренеді. Түрлі білім береді, әлеуметтік және мәдени шараларға белсене қатысады. Жастардың бос уақытын тиімді, пайдалы әрі мазмұнды өткізуі – оларды түрлі жағымсыз әдеттерден, құқық бұзушылықтардан алыстатудың ең тиімді жолы.
Жастардың қоғамдық пайдалы еңбекке араласуы олардың өзіне деген сенімділігін де арттырады. Бағдарлама аясында еңбек етіп, өзінің алғашқы табысын тапқан жастар еңбекпен келген қаражаттың салмағын түсінеді. Мұның өзі жас буынды қаржылық сауаттылыққа, үнемшілдікке және ата-ананың еңбегін бағалауға баулиды.
Атап айтар болсақ, Түркістан қаласы бойынша «Жасыл ел» жасақтарының жұмысы тек белгілі бір маусыммен шектелмей, бекітілген жоспарға сай тұрақты түрде жүргізіледі. Ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан жасақшылар қажетті еңбек құралдарымен, арнайы киім үлгілерімен және қауіпсіздік шараларымен толықтай қамтамасыз етілген.
«Жасыл ел» – еңбекке құрмет пен белсенді өмір салтының жарқын үлгісі! Бұл – тек ағаш егу немесе көше тазалау ғана емес, бұл – жастардың ел болашағына қосып жатқан нақты, азаматтық үлесі. Қала тазалығына жанашырлықпен қарап, күн сайын белсенділік танытып жүрген жастардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Түркістан жастары мұндай игі де сауапты бастамаларды алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастырып, киелі шаһардың көркейе беруіне өз үлестерін қоса беретін болады.