Қазақ халқының лы ақыны, заңғар ойшылы Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына орай Түркістан қаласында жастардың қатысуымен ашық аспан астында «Абай» көркем фильмінің арнайы көрсетілімі ұйымдастырылды. Ұлттық руханият пен мәдениетті дәріптеуге бағытталған бұл шараға шаһардың белсенді жастары, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты — өскелең ұрпақ арасында Абай Құнанбайұлының өмірі мен бай шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, жастардың рухани-мәдени танымын арттыру және олардың бос уақытын мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыру болып табылады. Таза ауада ұйымдастырылған кинокеш қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, ұлы ақынның тарихи тұлғасын жаңаша қырынан тануға мүмкіндік берді.
Ерекше атап өтерлігі, бұл мәдени-ағартушылық кино көрсетіліміне пробация есебінде тұрған жастар да арнайы шақырылып, белсенді қатысты. Олар ұлы ойшылдың өнегелі өмір жолымен, көркем фильмдегі тарихи оқиғалармен таныса отырып, хәкім Абайдың тағылымға толы мұрасы мен адамгершілікке, адалдыққа үндейтін терең ой-тұжырымдарының бүгінгі заманауи қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсінді. Тағдырдың түрлі сынағына тап болған жастарды мұндай тәрбиелік маңызы жоғары шараларға тарту — оларды қоғамға бейімдеудің тиімді жолы.
Фильм көрсетілімінен кейін қатысушы жастар арасында еркін форматта пікір алмасу өтті. Жастар кінодан алған әсерлерімен бөлісіп, Абай қара сөздеріндегі «Толық адам» концепциясы, білім мен ғылымға ұмтылу, еңбекқорлық пен азаматтық жауапкершілік мәселелерін кеңінен талқылады. Шараға қатысқан мамандар Абай идеяларының әрбір жас үшін өмірлік темірқазық екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, мұндай ашық аспан астындағы мәдени форматы бар іс-шаралар жастар арасындағы ауызбіршілік пен достық қарым-қатынасты нығайтып, олардың өнер мен әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етеді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да ұлттық тұлғалар мен тарихи оқиғаларға арналған осындай танымдық фильмдер сериясын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Ұлт руханиятының темірқазығы саналатын Абай мұрасы – өскелең ұрпақ үшін сарқылмас тағылым мен өмірлік бағдар. Түркістанда жастарды ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеуге, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған рухани-мәдени бастамалар алдағы уақытта да тұрақты түрде өз жалғасын табады.