Шымкентте Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Жеңіс саябағындағы «Ерлік» музейінде тағылымды іс-шара өтті. Жиында полигонда әскери борышын өтеген ардагерлердің ерлігі дәріптеліп, ядролық сынақтардың тарихи зардаптары еске алынды.
Шара Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рахимовтың ескерткішіне гүл қоюдан басталып, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Семей полигонындағы сынақтар кезінде қаза болған азаматтарды еске алуға бір минут үнсіздік жарияланды.
Іс-шара барысында ақын Ғалымжан Әлтековтің «Семей-сынақ сарбаздары» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. 2026 жылы жарық көрген еңбек полигонда әскери қызмет атқарған азаматтардың өмірі мен естеліктеріне арналған.
«Олардың ерлігі мен өмір жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз», – дейді автор.
Жиында Семей полигоны ардагерлерінің қоғамдағы орны айтылып, бірқатар азаматтарға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ №35748 әскери бөлімінің үрмелі аспаптар оркестрі патриоттық шығармалар орындады.
Кездесуде тарихи жадыны сақтау, ардагерлердің ерлігін дәріптеу және жас ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін түсіндірудің маңызы атап өтілді.