• Пн. Май 25th, 2026
Популярные метки

САНАЛЫ ТӘРБИЕ — ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ: КЕНТАУДА АУҚЫМДЫ АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Автор:admin

Май 22, 2026

Мемлекетіміздің ішкі саясаты мен әлеуметтік бағдарының ең жоғары құндылығы — адам, оның ішінде өскелең ұрпақтың амандығы мен саулығы болып табылады. Қазіргі таңда қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен баланы қорғау және отбасылық-демографиялық саясатты жаңа деңгейге көтеру — мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндет. Әрбір баланың бақытты әрі қауіпсіз ортада өсуі, оның бойына ұлттық тәрбие мен адалдық қасиеттерін сіңіру ең алдымен алтын ұя — отбасынан бастау алады. Ата-ананың жауапкершілігі мен балаға деген шынайы мейірімі — заманауи қауіп-қатерлерге толы қоғамда балалық шақты қорғаудың ең берік қалқаны.
Осы орайда, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Кентау қаласында «Адал ата-ана — Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында өте маңызды әрі ауқымды қалалық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Бұл алқалы жиын өңірдегі отбасы институтын қолдау және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясаттың Кентау өңіріндегі жарқын көрінісі болды.
Ауқымды форумның жұмысына Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды өкілдері, төтенше жағдайлар қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау саласының білікті мамандары, сондай-ақ қала мен оған қарасты ауылдық округтерден келген белсенді ата-аналар мен ұстаздар қауымы қатысты. Мұндай түрлі сала өкілдерінің бір үстел басында бас қосуы — балалар қауіпсіздігі мәселесінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айқын аңғартады.
Іс-шара барысында бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптары бойынша мазмұнды баяндамалар жасалып, сындарлы пікір алмасулар орын алды. Атап айтқанда:
— Бала қауіпсіздігі және оны қоршаған ортаның әсері;
— Ұлттық құндылықтарға негізделген отбасы тәрбиесі;
— Құқықтық сауаттылық және ата-ананың заң алдындағы жауапкершілігі;
— Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен жат қылықтардың алдын алу;
— Балалардың физикалық және ментальды денсаулығын сақтау;
— Жазғы маусым кезіндегі (судағы, көшедегі) қауіпсіздік шараларын күшейту.
Жиынның ресми бөлімінде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сөз алып, мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясаттың аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол өз сөзінде бала тәрбиесі мен олардың қауіпсіздігі — тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғам алдындағы, әрбір азаматтың алдындағы ең қасиетті парыз екенін қадап айтты.
«Балаға ең қажеттісі — ата-ананың шексіз мейірімі, қамқорлығы мен дұрыс көрсеткен өнегелі тәрбиесі. Біз тек материалдық жағдай жасаумен шектелмей, балаларымыздың ішкі дүниесіне, олардың бос уақытына және дос-жарандарына баса назар аударуымыз керек. Бүгінгі «Адал ата-ана — Қауіпсіз балалық шақ» форумы — қоғамға ой тастайтын шара. Отбасы мен мектептің, құзырлы органдардың тығыз байланысы мен бірлескен жүйелі жұмысы арқылы ғана біз қауіпсіз орта қалыптастырып, саналы, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелей аламыз», — деді қала басшысы Жандос Тасов.
Форум тек құрғақ ресми баяндамалармен шектелмей, оның идеологиялық және тәрбиелік мәнін арттыра түсетін ерекше шығармашылық бағыттармен байытылды. Шара аясында арнайы бастау алған «Ата-ана үні» челленджі қатысушыларға үлкен ой салды. Сондай-ақ, мектеп оқушылары мен өнерпаздардың қатысуымен дайындалған концерттік бағдарламалар мен балалардың қауіпсіздігіне, ата-ана мен бала арасындағы шынайы қарым-қатынасқа арналған арнайы әсерлі бейнеролик ұсынылды. Бұл туындылар жиналған қауымның жүрегіне жол тауып, отбасылық құндылықтарды ұлықтаудың маңызын көрсете түсті.
Маңызды басқосудың қорытынды сәтінде қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, өз отбасында өнегелі тәрбие көрсетіп, балалардың қауіпсіздігі мен дамуына үлкен үлес қосып жүрген бірқатар үлгілі ата-аналар мен көпбалалы аналар қала әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл — қоғамда жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға жасалған үлкен қолдау.
Қорыта айтқанда, Кентау қаласында өткен бұл ата-аналар форумы — Түркістан облысындағы балалар мен жастар саясатын жүзеге асыру, ана мен баланы қорғау және мемлекеттік әлеуметтік идеологияны халық арасында кеңінен насихаттау бағытындағы ең жемісті әрі нақты қадамдардың бірі болды. Ата-аның мейірімі ояу, баланың балалық шағы қауіпсіз болған елдің — келешегі кемел, іргесі берік болмақ.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *