Қазіргі таңда мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету мен клиентке бағдарлану мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Шымкент қаласында мемлекеттік органдар мен мекемелерде маңызды ағартушылық кездесулер тұрақты түрде өткізіледі.
Кездесулер барысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарында мемлекеттік қызметшілерге шектеулер мен міндеттемелер жүктелгендігі ерекше аталып өтілді.
Мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген басты шектеулердің бірі – кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынуы. Мемлекеттік қызметші өз лауазымын кәсіпкерлік табыс табуға пайдалана алмайды. Оған коммерциялық ұйымдарды басқару органдарына қатысуға заң жүзінде шектеу қойылған.
Қызметтік өкілеттіктерін атқаруына байланысты кез келген сыйлықты немесе қызмет көрсетуді қабылдауға жол берілмейді. Ұсақ болып көрінетін сыйлықтардың өзі заң алдында жауапкершілікке әкеп соқтырады.
Тікелей бағыныстылық немесе бақылау орын алса, жақын туыстар мен ерлі-зайыптылардың және жекжаттардың бір мемлекеттік органда бірге жұмыс істеуіне жол берілмейді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларының Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан банктерде шоттарға ие болуына, ақша сақтауына және шетелдік қаржы құралдарын иеленуіне де заңмен шектеу қойылған.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді құралдарының бірі – жалпыға бірдей декларациялау жүйесі. Мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары (зайыптары) өздерінің кірістері мен мүлкін ашық көрсетеді. Бұл жүйе әрбір қызметкердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз етіп, негізсіз байудың алдын алады.
Заңнамада мүдделер қақтығысын реттеу тетіктері нақты белгіленген. Егер мемлекеттік қызметшінің жеке мүддесі мен оның лауазымдық міндеттері арасында қайшылық туындаса, ол бұл туралы басшылығына дереу хабарлауға және шешім қабылдаудан өздігінен бас тартуға міндетті.
Оған қоса, мемлекеттік қызметшінің моральдық-адамгершілік бейнесі және іскерлік қасиеттері де басты назарда. Әрбір қызметші өз жұмысында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін қатаң басшылыққа алуға тиіс. Қоғам алдындағы жоғары жауапкершілікті сезіну, әрбір азаматтың өтінішіне құрметпен қарау, мемлекет мүлкін сақтау – адалдықтың басты өлшемі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Біз «Заң мен Тәртіп» қағидатына бағына отырып, адал еңбек ету арқылы көздеген мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз және келер ұрпаққа лайықты мұра қалдырамыз.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Шымкент қаласы бойынша департаменті