• Вс. Июл 12th, 2026
Популярные метки

КЕНТАУДА БАЛАЛАР АРАСЫНДА «ПЛОГГИНГ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ШАРАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Автор:admin

Июл 11, 2026

Кентау қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қоршаған ортаны қорғау, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы игі бастамаларға қала тұрғындары, жастар, еріктілер және қоғамдық ұйымдар белсенді түрде атсалысып келеді.
Экологиялық мәдениетті бала кезден қалыптастыру мақсатында Кентау қаласында өскелең ұрпақтың қатысуымен ерекше форматтағы шара ұйымдастырылды. Қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында балалар арасында «Плоггинг» экологиялық акциясы өткізілді.
Плоггинг – жүгіруді қоршаған ортаны тазартумен ұштастыратын заманауи экологиялық қозғалыс. Бұл бастама арқылы балалар спортпен айналысып қана қоймай, табиғатты қорғауға, айналаны таза ұстауға және қоғамдық орындарға жауапкершілікпен қарауға үйренеді.
Шара барысында балалар бірнеше топқа бөлініп, белгіленген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді. Олар аулалардағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосты. Кішкентай қатысушылардың белсенділігі мен ұйымшылдығы олардың табиғатқа деген жанашырлығы мен азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетті.
Экологиялық акция барысында балаларға табиғатты аялаудың маңызы түсіндіріліп, қоршаған ортаны қорғау әр адамның күнделікті өмірдегі маңызды міндеттерінің бірі екені айтылды. Ұйымдастырушылар балаларға қоқысты арнайы орындарға тастау, тазалық сақтау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану жөнінде пайдалы кеңестер берді.
Мұндай шаралар жас буынның бойында экологиялық сана қалыптастырып, туған қалаға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған. Балалардың тазалық жұмыстарына белсенді араласуы – олардың табиғатқа деген қамқорлық сезімін нығайтып, қоршаған ортаға жауапты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Экологиялық акция соңында белсенділік танытып, ерекше үлгі көрсеткен балаларға арнайы сыйлықтар табысталып, балмұздақтар үлестірілді. Балалар өз кезегінде шарадан алған әсерлерімен бөлісіп, осындай пайдалы әрі қызықты бастамалардың жиі ұйымдастырылғанын қалайтындарын жеткізді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Кентау қаласында көгалдандыру, аумақтарды абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Таза әрі көрікті қала қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Балалардың қатысуымен өткен осындай экологиялық бастамалар қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын насихаттап, қоғамдағы тазалық мәдениетін одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *