Ақпарат ғасырында қоғам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі – шынайы әрі тексерілген ақпарат. Күн сайын миллиондаған адам жаңалықты әлеуметтік желілерден, интернет платформалардан және бұқаралық ақпарат құралдарынан алады. Осындай жағдайда кәсіби журналистиканың рөлі бұрынғыдан да арта түсуде. Ақпаратты жедел жеткізумен қатар оның шынайылығын тексеру, бірнеше дереккөзден нақтылау және қоғамға объективті түрде ұсыну – журналистің басты міндеті.
Осы тақырып кәсіби мереке қарсаңында өткен «Халық сөзі» бағдарламасының кезекті шығарылымында кеңінен талқыланды. Бағдарлама барысында «Блогерлер журналистерді алмастыра ала ма?» деген өзекті сауалға жауап ізделді. Сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі қоғамдағы орны, журналист пен блогер қызметінің ерекшеліктері, ақпарат таратудағы жауапкершілік және кәсіби этиканың маңызы жөнінде пікір алмасты.
Талқылау барысында блогерлердің бүгінгі ақпараттық кеңістікте өзіндік орны қалыптасқаны айтылды. Олар қоғамдағы түрлі мәселелерді көтеріп, аудиториямен жедел байланыс орната алады. Дегенмен кәсіби журналистиканың басты артықшылығы – ақпараттың нақтылығын тексеру, заң талаптарын сақтау, әр тараптың пікірін беру және қоғамдық жауапкершілікті бірінші орынға қою екені ерекше атап өтілді.
Журналистің әрбір материалы қоғам пікірінің қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан кез келген ақпарат бірнеше дереккөз арқылы нақтыланып, оның шынайылығы мұқият тексеріледі. Ал кәсіби этика талаптарын сақтау – журналист мамандығының негізгі қағидаларының бірі. Бұл талаптар жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге және қоғамның бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімін нығайтуға қызмет етеді.
Кәсіби мереке аясында Түркістан қаласында тұрғындар арасында арнайы әлеуметтік сауалнама да ұйымдастырылды. «Түркістан тұрғындары журналистер туралы не біледі?» тақырыбындағы бейнематериалда қала тұрғындары журналист мамандығына қатысты өз ойларымен бөлісті.
Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі журналистердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Олардың пікірінше, журналист халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарады. Сондай-ақ тұрғындар шынайы әрі ресми ақпараттың уақытылы жариялануы қоғамдық тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Кейбір қатысушылар журналист мамандығы үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтып, кез келген ақпараттың халыққа әсер ететінін ерекше атап өтті. Сондықтан журналистің кәсібилігі, объективтілігі және заң талаптарын сақтауы қоғам үшін аса маңызды екеніне тоқталды.
Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы журналистика саласына жаңа талаптар қойып отыр. Қазіргі уақытта жаңалықты бірінші болып жариялау ғана емес, оның дұрыстығына кепілдік беру де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда кәсіби журналистика жалған ақпаратпен күрестің, медиасауаттылықты арттырудың және қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып қала береді.
Бүгінде мемлекеттік тілдегі сапалы контенттің үлесін арттыру, өңірлік журналистиканы дамыту және бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби әлеуетін күшейту мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан осындай ақпараттық жобалар тұрғындардың журналистикаға деген көзқарасын қалыптастыруға, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызын түсіндіруге және кәсіби журналистиканың беделін арттыруға ықпал етеді.
Журналистика – тек жаңалық тарату емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Ал кәсіби журналистің басты ұстанымы – дәлдік, әділдік және шынайылық. Сондықтан блогерлер мен цифрлық платформалардың дамуына қарамастан, кәсіби журналистика қоғам үшін өз маңызын жоғалтпайды. Халықтың сенімі мен сапалы ақпараттың кепілі болып қала беретін журналистика алдағы уақытта да қоғамдық дамудың маңызды тіректерінің бірі болмақ.
