• Чт. Июл 16th, 2026
Популярные метки

ЖАСТАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ЖОЛ АШАТЫН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ҰСЫНЫЛДЫ

Автор:admin

Июл 15, 2026

Түркістан қаласында жастардың еңбекпен қамтылуына, олардың кәсіби дамуына және мемлекеттік басқару саласына белсенді араласуына бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының бастамалары аясында жастарға жаңа мүмкіндіктер беру, білікті жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту және олардың әлеуетін тиімді пайдалану бағытында бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді.

2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға қол қойды. Аталған заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа өзгерістер мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін жетілдіруге, білімді әрі қабілетті жастарға жаңа мүмкіндік беруге бағытталған.

Заңның 28-бабы 6-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде білім беру ұйымын уәкілетті орган белгілеген талаптарға сай нәтижемен тәмамдаған азаматтар конкурс өткізілместен мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады.

Бұл мүмкіндік оқу үлгерімі жоғары, кәсіби білімін жетілдіруге ұмтылған жас мамандар үшін маңызды қолдау болып табылады. Атап айтқанда, оқу нәтижесі GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болған түлектер мемлекеттік қызмет саласына конкурс рәсімінсіз өту мүмкіндігіне ие болады.

Бұған дейін мұндай мүмкіндік негізінен мемлекеттік грант негізінде білім алған түлектерге қатысты болса, жаңа өзгерістерге сәйкес ақылы негізде білім алған, бірақ оқу нәтижесі жоғары талаптарға сай келетін түлектер де мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасуға мүмкіндік алады.

Бұл – жастардың білімге деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың кәсіби қабілеттерін мемлекеттік басқару жүйесінде көрсетуіне жол ашатын маңызды қадам. Бүгінде елімізде білімді, бастамашыл және білікті жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады.

Жастардың мемлекеттік қызметке келуі – басқару жүйесіне жаңа идеялар мен заманауи көзқарастардың енуіне мүмкіндік береді. Жас мамандардың цифрлық сауаттылығы, жаңа технологияларды меңгеруі және өзгерістерге бейім болуы мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Мемлекеттік қызмет саласында еңбек ету – ел дамуына үлес қосуға, халықпен жұмыс істеуге және қоғамдық маңызы бар шешімдерді қабылдау үдерісіне қатысуға мүмкіндік беретін жауапты бағыт. Сондықтан жас түлектер үшін бұл салада кәсіби жолын бастау үлкен мүмкіндік болып табылады.

Түркістан қаласында да жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына және кәсіби тұрғыда дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Жастарға мемлекеттік бағдарламалар, жұмыспен қамту мүмкіндіктері және кәсіби бағыт-бағдар беру бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып келеді.

Жаңа заң нормалары жас буын өкілдерінің мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып, олардың ел басқару ісіне араласуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік аппаратты білікті, заманауи ойлайтын және жауапты кадрлармен толықтыруға бағытталған маңызды қадам.

Мемлекеттік қызметке орналасуға ниетті жастар заң талаптарымен мұқият танысып, өздерінің білім деңгейі мен кәсіби мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы қажет. Жоғары нәтижеге ұмтылған, ел дамуына үлес қосқысы келетін жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуы – жастар саясатын жүзеге асырудағы маңызды жетістіктердің бірі.

Қосымша ақпарат алу үшін Түркістан қаласы әкімдігінің ғимаратына немесе жауапты мамандарға хабарласуға болады.

Мекенжайы:
Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Әмір-Темір көшесі №1

Байланыс телефоны:
+7 775 199 01 96 – Бекділда Жансая

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *